Астанадағы LRT құрылысы: жол учаскесінде қозғалыс ішінара шектеледі

Астанадағы LRT құрылысы: жол учаскесінде қозғалыс ішінара шектеледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

16 қазанға дейін № 108 LRT станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі. Астана тұрғындары мен қонақтарына Қабанбай батыр даңғылының бір бөлігінде күздің ортасына дейін қозғалыс ішінара шектелетіні ескертілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

 Елорда әкімдігінің мәліметінше 15 шілде сағат 23:00-ден бастап 16 қазанға дейін № 108 LRT станциясында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіледі.

«Осыған байланысты Қабанбай батыр даңғылының бойында Ұлы Дала даңғылынан Бұқар жырау көшесі бағытында қозғалыс ішінара шектеледі – жол бір жолаққа дейін тарылады. Кері бағытта қозғалыс өзгеріссіз қалады», - деп жазылған хабарламада.

Әкімдік қала тұрғындарынан сапарды алдын ала жоспарлауға шақырып, уақытша қолайсыздық үшін кешірім сұрады.