Астанада рұқсат етілмеген 28 қоқыс орны жойылды
Жыл басынан бері Сарыарқа ауданының аумағынан 30 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, 28 стихиялық қоқыс орны жойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Құрылыс қалдықтарын заңсыз тастауға байланысты 11 жеке азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 550 мың теңгеден астам айыппұл салынды.
«Күн сайын экологиялық полициямен бірлесіп мониторинг жүргізіледі. Бұл жаңа қоқыс орындарын жедел анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Бұл процеске ауданның белсенді тұрғындары, әлеуметтік желілердегі өтініштер мен «Ғарыш сапары» компаниясының спутниктік суреттері үлкен үлес қосып отыр. Бұзушылықтар стихиялық қоқыс орындарына орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен тіркеледі. 2023 жылы Цифрландыру басқармасы 8 камера орнатып, бұл қоқыс қалдықтарының заңсыз төгілуін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді», - делінген ақпаратта.
Айта кету керек, ірі көлемдегі және құрылыс қалдықтарын тек Алаш тас жолы бойында орналасқан астаналық экополигонға ғана шығаруға рұқсат етілген. Абаттандыру ережелерін бұзу ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеледі. Жеке тұлғалар үшін айыппұл мөлшері 20 АЕК, кәсіпкерлер үшін 30-дан 100 АЕК-ке дейін.