Астанада инвесторлар үшін ашық диалог алаңы өтті

28 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада инвесторлар үшін ашық диалог алаңы өтті
Фото: Василий Крась

Астанада инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараны қала әкімдігі мен Астана қаласының прокуратурасы бірлесіп ұйымдастырды. Кездесудің басты мақсаты инвесторлардың алдында тұрған өзекті мәселелерді ашық талқылап, оларды шешудің нақты жолдарын айқындау болды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ашық есік күніне қала прокуроры Ерлан Өтегенов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Халел Акимжанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, Astana Invest қалалық даму орталығының, Астана даму орталығының және бизнес-қауымдастықтың өкілдері қатысты.

«Астана бүгінде инвестиция, инновация мен жаңа мүмкіндіктердің орталығына айналды. Біз инвесторлардың бастамаларына толық қолдау білдіреміз. Ашық есік күні – жобалардың жүзеге асу барысын талқылап, орын алған мәселелерді шешуге арналған тиімді алаң», – деді қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов.

 Жүзеге асып жатқан ірі жобалар

Іс-шара аясында Астанада жоспарланған және іске асырылып жатқан бірнеше маңызды инвестициялық жоба таныстырылды:

Электровоз құрастыру зауыты (Alstom) “Байқоңыр” ауданында логистикалық орталық салып жатыр. Жоба құны – 14,5 млрд теңге, 400 жұмыс орны құрылмақ.

Сондай-ақ Wildberries логистикалық орталығы салынады, жобаның құны 47,7 млрд теңгені құрайды, нәтижесінде 6000 жұмыс орны ашылады.

EURODOOR өндірістік базасы, Batyr School мектебі, SKY project group компаниясының спорттық ескек есу кешені, “Орда Транс Групп” логистикалық кешені – барлығы да Астана экономикасына серпін беретін жобалар қатарында.

Прокуратура мен әкімдік қолдауы

Астана қаласының прокуроры Ерлан Өтегенов маңызды инвестициялық жобаларға жүйелі қолдау көрсету жұмыстары туралы баяндап, Прокуратура жанындағы фронт-офис пен «Прокурорлық сүзгі» механизмі инвесторлардың құқықтарын қорғау мен сенімді арттырудың маңызды құралы екенін атап өтті.

Инвестиция – Астана дамуының қозғаушы күші

2024 жылы Астана экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,9 трлн теңгеге жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 13,1%-ға артты. Бұл мемлекет пен бизнестің тығыз әріптестігін көрсетеді.

Ашық есік күні – инвестициялық климатты жақсартуға, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтуға арналған нақты қадам.

Аяна ҚАБЫЛБЕКОВА