Астанада халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтіп жатыр

1 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтіп жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан

Елорда күнін мерекелеу аясында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Құралай Ешмұратованың 80 жылдығына орай IV халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап

Халықаралық деңгейдегі іс-шара 4 шілдеге дейін жалғасады.

Фестивальдің негізгі мақсаты – қуыршақ театры өнерін кеңінен насихаттау, үздік жетістіктер мен озық шығармаларды таныту, дамыған мемлекеттердің тәжірибесін негізге ала отырып, кәсіби танымды дамыту және орындаушылық шеберлікті арттыру.

IV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестиваліне 14 театр қатысады. Қонақтар қатарында Англия, Аустрия, Қытай, Түркия, Грузия, Испания, Таиланд, Өзбекстан мемлекеттерінің театрлары, сондай-ақ Қазақстанның өңірлік театрлары бар.

Фестиваль аясында қатысушы ұжымдар өздерінің үздік қойылымдарын ұсынып, халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу және қуыршақ театры саласындағы кәсіби шеберлікті жетілдіру бағытында бірлескен жұмыстар жүргізеді.

Астана қаласы әкімдігінің Қуыршақ театры 2010 жылы құрылып, елорданың мәдени өміріндегі маңызды шығармашылық орталықтардың біріне айналды. Театр өз жұмысын бастаған уақыттан бері халықаралық және республикалық деңгейдегі фестивальдерге белсене қатысып, кәсіби жетістіктерге қол жеткізіп келеді.

Ұжым Тәжікстан, Ресей, Түркия, Болгария, Малайзия, Тунис, Эстония, Сербия және басқа да елдерде өткен беделді фестивальдерде «Үздік спектакль», «Үздік режиссура», «Ұлттық дәстүрге адалдық» секілді номинациялар бойынша марапаттарға ие болған.

2015 жылдан бастап театр басшылығымен Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың есімімен аталатын Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлары фестивалі тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Қуыршақ театры өзін ашылған күнінен бастап халықаралық театр ұйымдарымен тұрақты шығармашылық байланыс орнатқан. Осы уақытқа дейін театр үш мәрте халықаралық фестиваль ұйымдастырып, сондай-ақ көптеген беделді отандық мәдени іс-шараларға қатысып, кәсіби театр өнері саласында жоғары белсенділік танытып отыр.

Қазіргі таңда Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» репертуары аңыз-ертегілермен қатар шет елдік және төл заманауи туындыларды жаңғыртумен толығып келеді. Мысалы, Қ. Ешмұратованың «Махаббат туралы аңыз», М. Тойбаевтың «Сиқырлы сөздер», А. Салаеваның «Менің салған суретім», «Мен сияқты жаса», «Байқа жолда балақай», С. Жүнісовтің «Атамекен», жапон халық ертегісі «Жаңғырық туралы ертегі», Т. Хасанғалиеваның «Орманда болған оқиға», «Ана құдіреті», Қазақ халық ертегісі «Қаңбақ шал», Е. Жуасбектің «О, тоба», И.Миччи, Дж. Робертс, Л. Вульвертонның «Арыстан патша», З. Сагалов пен Л. Жадановтың «Сарбаздың бақырашы», Г. Х. Андерсеннің «Қайта оралған Су перісі», Х. Юрковскийдің «Сен ол мен», Н. Шуваловтың «Ағайынды гномдар», Қ. Ежембектің «Жалқаудың айласы», «Ер Төстік», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» қойылымдарын айтуға болады.