Астанада халықаралық GovHR форумы өтті


ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бастамасымен мемлекеттік қызмет жүйесіндегі адами ресурстарды басқарудың өзекті мәселелеріне арналған халықаралық GovHR форумы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұған БҰҰ өкілі, Катар Мемлекеттік қызмет және кадрлық әлеуетті дамыту бюросының директоры Саиф Аль-Кааби, Моңғолия Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі кеңестің төрағасы Цэдэвсурэн Лхагва, Сьерра-Леоне Адами ресурстарды басқару кеңсесінің бас директоры Ансу Такер, Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік қызмет агенттігінің директоры Илёс Идрисзода, сондай-ақ АҚШ, Әзербайжан, БАӘ, Қырғызстан, Марокко, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Ресей, Руанда, Сингапур, Түрікменстан сияқты әріптес елдердің уәкілетті орган басшылары мен жетекші мамандары және сарапшылары қатысты.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың форумның ашылуына орай жолдаған құттықтау хатын оқыды.
Дархан Жазықбай мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуда Президент тілге тиек еткен «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» іргелі қағидаты басшылыққа алынғанын атап өтті. Ал форумның басты тақырыбы мемлекеттік секторда тиімді, адамға бағдарланған басқару жүйесін дамытуға арналды. Сондай-ақ форумда стратегиялық HR-жүйесін қалыптастыру, кадрлық процесттерді цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, жас мамандарды қолдау және мемлекеттік органдардағы басшылардың рөлін трансформациялау мәселелеріне басты назар аударылды.
«Бүгінгідей форум алаңы халықаралық байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуда үлкен мүмкіндікке жол ашады. Әрі тұрақты өткізу арқылы сіздермен жиі бас қосып, ортақ тәжірибе алмасу жұмыстары жалғасады. Бүгін біз адам ресурстарын басқарудың кешенді мәселелерін талқыладық. Тәжірибе мен ғылыми сараптамаға негізделген көп ой ортаға салынып, құнды ұсыныстар айтылды. Бүгінгі форум – тек білім мен тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, озық шешімдерді енгізуге және мемлекеттік қызмет саласында кәсіби қауымдастықты қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды деп ойлаймын», - деді Агенттік төрағасы.
Форумда жаңа кезеңдегі мемлекеттік басқару саласындағы халықаралық тәжірибе мен ғылыми зерттеулерге негізделген «Public Administration in the New Reality» атты кітап таныстырылды. Бұл кітапқа 19 елден 39 автор қатысса, ал алғысөзді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жазған.
Ержан ҚОЖАС