Астанада этномәдени мұраны жаңғыртқан көрме ашылды

16 мамыр, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада этномәдени мұраны жаңғыртқан көрме ашылды
Фото: Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығынан

14-27 мамыр аралығында Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған көрме өз жұмысын бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Көрменің ресми ашылу салтанаты 14 мамыр күні Бейбітшілік және келісім сарайының үшінші қабатындағы Атриум залында өтті. Салтанатты шараға мемлекеттік органдар өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілері, сондай-ақ мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты.

Еліміздегі этносаралық татулықты, рухани үндестікті және көпэтносты қоғамның үйлесімді дамуын дәріптеген бұл көрме Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі арасындағы шығармашылық және мазмұнды серіктестік аясында ұйымдастырылды.

«Бұл көрме – тек мәдени шара емес, еліміздің бірегей үлгісін көрсететін маңызды платформа. Қазақстан әлемге этникалық және діни алуандылық арасындағы үйлесімді бірлік моделін ұсынады. Бүгінгі көрме арқылы біз еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін, әр этностың қосқан үлесін және ортақ болашақ құру жолындағы бірлескен қадамдарымызды көрсетеміз», - деді Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының Сыртқы байланыстар және ақпараттық жұмыс департаментінің басшысы Руслан Ибраев.

Көрменің басты мақсаты – Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағының терең тарихи тамырларын, мәдениеттер мен дәстүрлер үндестігін көрермен назарына ұсыну. Бұл – бейбітшілік пен келісім құндылықтарын жаңғыртуға, ұлттық бірлік идеясын нығайтуға бағытталған маңызды мәдени іс-шара.

Көрме мазмұны жағынан ерекше екі бөлімнен тұрады.

«Біртұтас көпұлтты Қазақстан» деп аталған бірінші бөлімде ел аумағында өмір сүретін этностардың тарихи қалыптасу жолы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу кезеңдері жан-жақты баяндалды. Бұл бөлімде 200-ден астам тарихи құжаттар, фотосуреттер мен заттай дәлелдер ұсынылған. Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің тұғырына айналған Ассамблея қызметіне қатысты сирек материалдар, архивтік құжаттар, атап айтқанда, «Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел тарихында», «Қазақстан халқы Ассамблеясы: алғашқы қадамдар (1995–1997 жж.)» секілді жинақтар ұсынылды.

«Көпұлтты Қазақстанның мәдени мұрасы» атты екінші бөлімде елімізде өмір сүріп жатқан этникалық топтардың мәдени дәстүрлері мен рухани құндылықтары кеңінен таныстырылады. Бұл бөлімде 25-тен астам этностың 350-ден артық бірегей экспонаттары қойылған. Экспозицияда Бейбітшілік және келісім музейі мен Ұлттық музейдің бай қорынан алынған зергерлік бұйымдар, мүсіндер, бейнелеу өнері туындылары, кәдесыйлар, сирек кездесетін кітаптар, қолөнер бұйымдары мен тарихи жәдігерлер қойылды. Әр экспонат – еліміздегі этностардың мәдени және рухани байлығын айшықтайтын жәдігер.

Көрмеге келген алғашқы қонақтардың пікірлері де оң болды.

«Бұл көрме арқылы мен Қазақстанның мәдени байлығын жаңаша көре алдым. Әрбір экспонат – бір әлем, бір тарих. Мұндай шаралар бізге бір-бірімізді жақынырақ тануға көмектеседі», - дейді астаналық Әсем Тұрсынова.

Көрме аясында күн сайын сағат 12:00 мен 17:00-де тегін экскурсиялар өткізіледі.

Қазақстан халқының бірегей бірлігі мен мәдени байлығын көрсететін бұл ерекше көрме 27 мамырға дейін күн сайын 10:00-ден 20:00-ге дейін өз қонақтарын күтеді.  

«Көрмеге кіру толығымен тегін, бұл барлық астаналықтар мен қала қонақтарына еліміздің жан-жақты мәдени мұрасымен танысуға тамаша мүмкіндік. Көрмені тамашалап болған соң, өз әсерлеріңізбен әлеуметтік желілерде #ҚазақстанБірлігі және #ЭтномәдениКөрме хэштегтерін қолданып бөлісуге шақырамыз.

Сіздің пікірлеріңіз бен фотоларыңыз басқаларға да осы маңызды мәдени оқиғаға қатысуға шабыт береді. Ұлттық бірлік пен мәдени алуандылықтың үйлесімін бірге тамашалайық», - делінген хабарламада.