Елордада есірткі таратушыларды ұстаған сарбаздар марапатталды
Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін адал атқарған үшін әскери қызметшілер марапатталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қырағылығымен және кәсіби шеберлігімен ерекшеленген ұландықтар ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының құқығымен «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Елордалық бригаданың әскери қызметшілері Астана қаласының Есіл ауданында қызмет атқару кезінде есірткі ұстаушыны ұстады. Бұл туралы Ұлттық ұланның баспасөз қызметі мәлімдеді.
Патрульдеу кезінде әскери жасақ бастығы Диас Пахолков, патрульдік топ бастығы Ырыскелді Сайлауұлы, патрульші сарбаздар Дархан Булушев, Андрей Артамошин, Темірлан Аганкелдиев және Еламан Әбүйір сағат 20:00 шамасында қала көшелерінің бірінде әр жерге түйіндемелер жасырып жатқан азаматтарды қолға түсірген. Заң бұзушылар ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді. Жүргізілген сараптама барысында жоғарыда аталған заттың синтетикалық препарат екені анықталды, күдіктілерден жалпы саны 64 орама тәркіленді. Осылайша, ұландықтар есірткінің одан әрі тарауының алдын алды.
«Сарбаздардың төртеуі Ырыскелді Сайлауұлы, Дархан Булушев, Андрей Артамошин және Еламан Әбүйір грамотамен марапатталды. Ал Диас Пахолковке «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгісі берілді. Темірлан Аганкелдиев 10 күндік қысқа мерзімді демалыс алып, жақындарымен бірге уақыт өткізіп жатыр», - деді жедел құрама командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Тимур Рахимов.
Аталған әскери қызметшілерге марапаттарды 5573 әскери бөлімінің командирі, генерал-майор Аян Есжанов жеке құрам алдында табыстады.