Астанада Carmina Burana балет-кантатасы премьерасына арналған баспасөз конференциясы өтті


«Астана Балет» театрында Carmina Burana балет-кантатасының премьерасына арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шарада «Астана Балет» театрының директоры Таир Қаратаев, көркемдік жетекші Нұрлан Канетов, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри, қойылымның балетмейстері Тимур Зағидуллин, қойылымның дирижері Арман Оразғалиев, хор жетекшісі Гүлмира Құттыбадамова, жетекші солист Сүндет Сұлтанов және балет әртісі Камила Рахманберлиевалар балет-кантатасы туралы сөз сөйледі.
Баспасөз конференциясында белгілі болғандай, 5-6 шілдеде Carmina Burana балет-кантатасының көптен күткен премьерасы өтеді. Осы бірегей жобаның арқасында, аталған театрда алғаш рет хор, симфониялық оркестр мен балет труппасы бірлесе өнер көрсетеді.
ХХ ғасырдың көрнекті неміс композиторларының бірі, экспрессионист композитор Карл Орфтың Carmina Burana атты туындысы балеттің негізіне алынды.
«Carmina Burana шартты түрде төрт бөлімнен тұрады, олар музыкалық жағынан ерекшеленеді. Мұны пластикалық түрде жеткізуді құп көрдік. Спектакльде әртістер классикалық хореографиядан еркін пластика мен contemporary элементтері бар биге ауысады. Әртістер үшін осындай түрлі музыкалық материалдармен және түрлі пластикалық материалдармен жұмыс істеу өте маңызды», – деп атап өтті қоюшы-балетмейстер Тимур Загидуллин.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, Carmina Burana балетінің премьерасы нағыз сахналық ғажайыпқа айналмақ.
Баспасөз конференциясында БАҚ өкілдері өнер иелеріне сауал қойып, тұшымды жауап алды.
Бұдан соң журналистер Carmina Burana балет-кантатасының басты дайындық репетициясына шақырылды.



