Астанада бокстан әлем кубогы басталды

Астанада бокстан әлем кубогы басталды
фото: Василий Крась

Елордада бокстан ерлер мен әйелдер арасындағы Әлем кубогының үшінші кезеңі салтанатты түрде ашылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

World Boxing ұйымының еліміздегі алғашқы халықаралық турнирі Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында 30 маусым-6 шілде күндері аралығында өтеді.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен қатысып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

фото: Василий Крась

«Спорт - өзара құрмет пен сыйластықтың символы. Спорттың басты миссиясы - түрлі ұлттарды жақындастыру. Міне бүгін еліміз Әлем кубогы атты ірі доданы қабылдап, спорт арқылы бейбітшіліктің, достастықтың маңыздылығын тағы бір мәрте  әлемге дәлелдеді. 2025 жылы үшінші рет өткізіліп жатқан Әлем кубогы кезеңінде Астанаға ең көп 29 мемлекеттен 300-ге жуық боксшылардың келгенін қуанышпен хабарлаймыз. Барша қатысушыларға сәттілік тілеп, шын мықты жеңіске жетсін», – деді Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп.

фото: Василий Крась

Бір аптаға жалғасатын додада Қазақстан құрамасы барлық 20 салмақта (ер және әйел) ең үздік боксшыларын қатыстырады. Олардың арасында 7 әлем чемпионы (Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева, Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Нұрбек Оралбай, Бекзад Нұрдәулетов) және 2 Париж Олимпиадасының жүлдегері (Назым Қызайбай мен Нұрбек Оралбай) бар.

Естеріңізге сала кетейік, 30 наурыз - 6 сәуір аралығында Фос-ду-Игуасу (Бразилия) қаласындағы алғашқы кезеңде жерлестеріміз 3 алтын, 3 қола жүлде жеңіп алған болатын. Салыстырмалы түрде сол кезде құрам толықтай жаңарды.

Бұған дейін Астана қаласы Әлем кубогының командалық бәсекесін сонау 2002 жылы қабылдап, Геннадий Головкин, Мұхтархан Ділдәбеков, Галиб Жафаров сынды жерлестеріміз күміс медальді жеңіп алған болатын.

Астана қаласының тұрғындары жекпе-жектерді күндіз 14:00 және кешке 19:00-де екі сессия бойынша тамашалай алады.