Астанада бір түнде 60 мың текше метрден астам қар шығарылды


Астанада қар күреу жұмысы тәулік бойы жүріп жатыр. Қыс мезгілі басталғалы қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген ауысымдық кестеге көшірілді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Наурыздың 12-сі күні таңертеңнен бері елордада қар күреу жұмысына 2 400-ге жуық жол қызметкері мен 1 833 арнайы техника жұмылдырылды.
Наурыздың 12-ісіне қараған түні коммуналдық қызмет 4 286 ауыр жүк көлігімен қаладан 60 776 текше метр қар шығарды.
Қыс мезгілі басталғалы 588 464 ауыр жүк көлігімен қаладан арнайы полигондарға 7,4 миллион текше метрге жуық қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз», - делінген хабарламада.



