Астанада қазақ мемлекетінің карталары галереясы ашылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада қазақ мемлекетінің карталары галереясы ашылды
Фото: ЕҰУ баспасөз қызметінен

Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында Еуразия ұлттық университетінде XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының галереясы ашылды, деп хабарлады Elorda.info.

Мұнда  XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі еуропалық және америкалық карталарының 100 көшірмесі ұсынылған. 

Іс-шараның ашылу салтанатына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки, ғылыми қауымдастық өкілдері және студенттер қатысты. 

Президент біздің ғалымның атқарған жұмысына жоғары баға беріп, еліміздің өңірлерінде және шетелде жұртшылық ғылыми ізденістердің қорытындыларымен таныса алатын арнайы көрмелер ұйымдастыру қажеттігін атап өтті. Бүгін  Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында біздің университетте XV-XIX ғасырлардағы қазақ мемлекетінің еуропалық және америкалық карталарының ең үлкен галереясы ашылды. Қазақстанның оқу орындарында XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің көне карталарының мұндай галереялары тарихы терең мемлекет ретінде үздіксіз мемлекеттілік туралы білімді нығайтуға септігін тигізеді, - деді ректор.

Университеттің профессор-оқытушыларымен қоса, елорданың жас ғалымдары мен оқушылары да ЕҰУ профессоры Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен жақынырақ таныса алады. 

11-04-4.jpg

Сонымен қоса, ғалым ашылу салтанатында шағын дәріс өткізді.

Мұхит-Ардагер Сыдықназаров ғылыми қауымдастық өкілдері мен студенттерге өзінің көп жылғы еңбегі туралы айтып берді. ЕҰУ ғалымы 17 жылдан астам Еуропаның ұлттық және корольдік мұрағаттарында, кітапханалары мен мұражайларында, картографиялық орталықтарда және АҚШ кітапханаларында зерттеу жұмыстарын жүргізді. Кітап-атласқа табылған 1500 көне картаның 130-ы енгізілген. Жинақ 3 тілде дайындалып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де таныстырылған.

Бүгінде Қазақ мемлекетінің ең ерте картасы 1540 жыл деп белгіленген. Ол Швейцарияның Базель қаласында табылды. Жалпы бүгін ашылған XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің картасы галерея білім берудің барлық деңгейіндегі студенттерге әр салада жаңа құзіреттілікті меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл түрлі ғылыми және білім беру пәндері аясында Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі туралы білімді нығайтуға, патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал етіп, елдің саяси және мәдени брендін қалыптастыруға ықпал етеді. 12 сәуірде Брюссельдегі Еуропарламентте алғаш рет «XV-XIX ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің ежелгі Еуропа және Америка карталарының галереясы» таныстырылады Бұл – тарихи оқиға, - деп атап өтті ЕҰУ профессоры.

Табылған және зерттелген карталар мен деректер 2022 жылы Қазақстан тарихының жаңа іргелі 5 томдық басылымына енген. Онда ЕҰУ профессоры Қазақ мемлекетінің ежелгі карталарына байланысты екі авторлық бөлімді дайындады.