Астанада «Асыл мұра» ұлттық музыка кеші өтті

Астанада «Асыл мұра» ұлттық музыка кеші өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана күніне орай елордада төл өнеріміз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеген «Асыл мұра» атты ұлттық музыка кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Бейбітшілік және келісім сарайында ұйымдастырылды.

Кешке қоғам және мәдениет қайраткерлері, елордалық зиялы қауым мен қала тұрғындары қатысты. Олардың қатарында Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жаңабай Мейірманқұлов, қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, Ұлттық ғылым академиясының академигі Кәрімбек Құрманәлиев, «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Олжас Сыдықбек, Қазақстанның халық әртісі Дәнеш Рақышев, ақын Кәкімбек Салықовтың ұрпақтары және өнерсүйер қауым болды.

Кеш барысында халық музыкасы мен халық композиторларының таңдаулы шығармалары орындалып, көрермендер ұлттық өнердің бай мұрасынан сыр шертетін әуендерге қанықты.

Сахна төрінде Қазақстанның халық әртістері Айгүл Үлкенбаева мен Айгүл Қосанова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ахат Байбосынов, Айгүл Елшібаева, Елмұра Жаңаберген, Ақан Әбдуәлі, Ардақ Балажанова, Медет Салықов, Клара Төленбаева, Қайрат Кәкімов, Ерболат Шалдыбеков, Өзгеріс Шерікбай, Перизат Тұрарова, Әйгерім Нартүйе, Серік Жақсығұлов және Ұлболсын Кенжебай сынды өнер иелері ән шырқады.

Сонымен қатар кешке «Қорқыт» фольклорлы-этнографиялық ансамблі мен Contrasst би театры қатысып, ұлттық нақыштағы көркем қойылымдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Концертті белгілі өнер иелері - Жанар Айжанова, Жанатбек Бәйтеков, Әділ Ахметов және Назерке Серікболова жүргізді.

«Асыл мұра» ұлттық музыка кеші – халқымыздың мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды бастамалардың бірі. Іс-шара астаналық көрерменге рухани серпіліс сыйлап, ұлттық өнерге деген құрметті арттыра түсті.