Астанада ашық аспан астында тегін йога жаттығулары өтеді


Астана тұрғындары мен қонақтары үшін 5 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында қаланың әртүрлі аумағында ашық аспан астында тегін йога сабақтары өтеді. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттауға, физикалық белсенділік деңгейін арттыруға және қала тұрғындарының эмоционалдық жай-күйін жақсартуға бағытталған, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Жаз – денсаулыққа көңіл бөлінетін ыңғайлы уақыт. Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы 5 тамыздан бастап кез келген адам қатыса алатын ашық аспан астында йогадан тегін оқу-жаттығу сабақтарын бастайды.
Іс-шара толықтай тегін өтеді, тіркелу қажет емес, әр қатысушыға арнайы кілемше беріледі. Сабақтар аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 19:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Неліктен дәл осы уақыт пен орындар таңдалды? Қаланың әр тұрғыны өзіне ыңғайлы әрі жақын орынды таңдап, жұмыс уақытынан кейін еркін қатысуы үшін. Сабақтарды кәсіби йога жаттықтырушылары жүргізеді, ал жоба 5 қыркүйекке дейін жалғасады», – деді Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Мәдина Айтқалиева.
Сабақ өтетін орындар:
• «Сарыарқа» ауданы – «Йога» саябағы (Мәмбетов көшесі, 1);
• «Есіл» ауданы – «Жетісу» саябағы;
• «Нұра» ауданы – Орталық саябақ;
• «Алматы» ауданы – Триатлон паркі және «Жерұйық» саябағы;
• «Сарайшық» ауданы – Президенттік саябақ.
Жаттығулардың нақты кестесі мен толық ақпараты Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының ресми сайтында және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланып отырады.
Қосымша сұрақтар бойынша колл-орталық нөміріне хабарласуға болады: +7 707 777 88 82.



