Астанада Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбектерінің толық жинағы таныстырылды

29 сәуір, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада Қаныш Сәтбаевтың ғылыми еңбектерінің толық жинағы таныстырылды
Фото: parlam.kz

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде академик Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға парламентшілер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Сенат депутаты, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы, профессор Алтынбек Нухұлы қатысты.

Жинаққа ғалымның 1923-1963 жылдар аралығындағы ғылыми еңбектері енген. Онда тақырыптар бойынша жүйеленген және қазіргі ғылыми стандарттарға сәйкес ресімделген монографиялар, мақалалар, геологиялық барлау есептері, карталар және ғылыми-техникалық жобалар қамтылған.

Алтынбек Нухұлы өз сөзінде Қаныш Сәтбаевтың 10 томдық шығармалар жинағы ұлы ғалымның ғылыми еңбегінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар ұлттық сана-сезімді қалыптастыруға қосқан аса маңызды үлесі екенін атап өтті.

Сенатордың айтуынша, Сәтбаевтың еңбектері ойдың тереңдігімен, стратегиялық көзқарасымен және Отанға шексіз сүйіспеншілігімен ерекшеленеді.

Қалың көпшілік жиналған іс-шара еліміздің ғылыми және қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Тұсаукесерге қатысушылар жаңа басылым болашақта ғалымдардың жас буынына кең көкжиек ашатынын және Қазақстандағы ғылыми зерттеулердің дамуына түрткі болатынын атап өтті.