Астанада аналарға арналған тағылымды шара өтті

14 мамыр, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Астанада аналарға арналған тағылымды шара өтті
Фото: Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтынан

Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ана қолы – мейірім мен махаббаттың символы» атты тағылымды іс-шара өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шара Seed Uniker мектебінде Отбасы күніне орай ұйымдастырылып, қоғамдағы аналардың рөлі, отбасылық құндылықтарды сақтау мен ұрпақ тәрбиесіндегі орны басты назарға алынды.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжанның айтуынша, аналардың қоғамдағы рөлі күнделікті өмірде де ерекше құрметке ие болуы тиіс.

«Анаға деген құрмет атаулы күндерде ғана емес, күнделікті өмірде де көрініс табуы қажет. Ұрпақ тәрбиесіне жауапты аналарға қандай марапат көрсетсек те артық емес. Жас ұрпақ анаға деген құрметпен өссе, қоғамда береке болады», – деді Н.Мақжан.

Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының бас маманы Гүлнар Тайгокова жиналғандарды Отбасы күнімен құттықтап, Аналар кеңесінің ұрпақ тәрбиесі мен этносаралық бірлікті нығайтудағы маңызды рөліне тоқталды.

Іс-шара барысында дарынды оқушылар мен Аналар кеңесінің мүшелері қатысушыларға мерекелік концерт ұсынып, өнерлерін паш етті. Сонымен қатар оқушылардың аналары бірге салған суреттер көрмесі де көпшіліктің назарына ұсынылды.