Астанада «Алтын домбыра» иегері анықталды
Астанада «Еңбек – ел ырысы» тақырыбындағы қарапайым еңбек адамдарына арналған республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті, деп хабарлады Elorda.info.
Amanat партиясының қолдауымен Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған дәстүрлі «Алтын домбыра» жыр аламанында бас-аяғы 16 ақын өнер көрсетті.
Amanat-тың Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек дәстүрлі доданың мәні мен маңызына тоқталып, партия алдағы уақытта да мәдениет пен өнерге барынша қолдау көрсете беретінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек адамының мәртебесін көтеруді үнемі айтып келеді. Есілдің жағасында екі күн бойы ерекше өнер көрсеткен ақындарымыз да еңбек адамының абыройын асқақтатып, олардың ел дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесін жырға қосты. Елді көркейтетін – еңбек. Айтыс деп аталатын асыл өнеріміз төрден түспесін, – деді ол.
Өз кезегінде, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев көзіқарақты көрермен мен ақындар қауымына шынайы алғысын білдірді.
Міне, екі күнге созылған аламан айтыс өз мәресіне жетті. Еңбек адамының мерейін үстем еткен ақындарға және оларды қолдап, қостап келіп отырған барша айтыссүйер ағайынға алғыс айтамын, – деді вице-министр.
Бұл ретте, қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова қазылар құрамы әдептен озбай, ардан аттамай әділ шешім қабылдағанын айтты.
«Үндемесем өзіме өзім төре, сөйлеп кетсем өзіме сөзім төре» дейді қазақ халқы. Сол сөзге бүгін әділ бағасын берген қазылар алқасының ары таза деген ойдамын. Күміс көмейінен жақұттай жыр төккен ақындарымызға шалқар шабыт тілеймін. Ұлттық өнеріміздің беделі биік, абыройы асқақ болғай, – деді Ә.Беркенова.
Осылайша, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қарағандылық Мақсат Аханов иеленді. Оған «Алтын домбыра» және автокөлік табысталды.
Ал жүлделі 1-орын және «Айтыс ақтаңгері» атағы қызылордалық Мейірбек Сұлтанханға, 2-орын павлодарлық Аспанбек Шұғатайға бұйырды. 3-орынды ұлытаулық Төлеген Жаманов пен Батыс Қазақстан облысынан келген Жансая Мусина өзара бөлісті.
Сондай-ақ, жамбылдық Алина Айдаралы, Батыс Қазақстан облысының айтыскері Мұрадым Мейірланов және алматылық Шұғайып Сезімхан арнайы жүлде иеленді.
Сайысқа түскен барша ақынға қомақты сый-сияпат табысталды.