Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай елордада Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған шараға қалалық мәслихат депуттары, зиялы қауым өкілдері және қала тұрғындары қатысты.
Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов шара маңыздылығына тоқталып, елордада Тілдер мерекесі аясында 300-ден аса іс-шара ұйымдастырылатынын атап өтті.
«Бүгін Алаштың аяулы перзенті, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген күн. Осыған орай 5 қыркүйек соңғы бірнеше жыл қатарынан Тіл мерекесі ретінде арнайы аталып келеді. «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою арқылы, біз өзіміздің Алаш ардақтылары алдындағы ұрпақ парызын өтей отырып, тарихқа тағы бір терең көз жүгіртеміз. Ал Тілдер күні аясында қаламызда 300-ден аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. Қоғамда қазақ тілін дәріптеп, оны бірінші орынға қою маңызды»,- деді Ерлан Каналимов.
Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп өз сөзінде тілдерді дамыту бойынша атқарылып жатқан бірқатар шараға тоқталып өтті.
Оның айтуынша, қалада жыл сайын 2 мыңға жуық адам қазақ тілін тегін үйренеді.
«Тілдер мерекесі жыл сайын атап өтіледі. Басқарма тіл мәселесін тек мерекеде ғана атап өтпей, әрқашан түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырады. Мәселен басқарма қолдауымен жыл сайын 2 мыңға жуық адам қазақ тілін тегін үйренеді. Мемлекеттік қызметшілерге ағылшын тілі оқытылып, кәсіпкерлерге қазақ тілінде базалық курс ұсынамыз. Сонымен қатар рухани-танымдық іс-шаралар өтіп тұрады. Қаладағы билбордтарда қанатты сөздер жазылып, 500 автобустың ішіне қазақ тілінде нақыл сөздер мен қанатты сөздер жазылған постерлер ілінді. Сонымен қатар 50-ге жуық сауда орындарында қазақ поэзиясының аудио үзінділер таратылып жатыр»,- деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілгеніне биыл 6 жыл болды.