Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Фото: Василий Крась

Бүгін – Алаш көсемдерінің бірі, қазақ тіл білімінің негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Сондай-ақ  5 қыркүйекте Қазақстан халқы тілдері күні аталып өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

 

05-09-4.jpg

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай бүгін Астанадағы «Қаламгерлер аллеясында» «Тіл – ұлт қазынасы» атты «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. 

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. 

05-09-8.jpg

Құрметті осында жиналған қауым. Ғалымның ұшан-теңіз еңбегі ұлт жүрегінен орын тапқандықтан халқы «Ұлттың рухани көсемі» деп ардақтап ат берді. Ахмет Байтұрсынұлы бар біз бақытты халықпыз. Сол бақытымызды қадірлей білейік, ағайын. Бүгінгі мейраммен баршаңызды құттықтаймын. Қазақ барда қазақ тілі болады. Ал тілді сақтау – әрбір адамның азаматтық борышы, - деді академик Ғарифолла Есім.

Биыл елімізде бірнеше ірі тұлғаның мерейтойлары аталып өтілуде. Атап айтқанда, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр Жүсіптің туғанына – 165 жыл, Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт Торайғыровқа – 130 жыл, Халел Досмұхамедовке – 140, сондай-ақ «Қазақ» газетінің шыққанына - 110 жыл. Бұл атаулы күндері Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы кең көлемде ұйымдастырып келеді. 

05-09-1.jpg

Айтулы шара аясында қалада 200-ге жуық іс-шара өтеді. Білім мекемелерінде ашық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады. 500 қоғамдық көлікке Алаш қайраткерлерінің қанатты сөздерін іліп жатырмыз. Сондай-ақ автобустарға аудиоматериалдар орналастырамыз. Ол арқылы әрбір жолаушы әр көше жайлы мағлұматтар алады. Оған қоса, жазушы Әкім Таразидің 90 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтеді, - деді Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп.

05-09-2.jpg

Іс-шара соңында Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры актерлері «Алаш жолы» қойылымынан үзінді сахналады.