Астанада абайтанудың өзекті мәселелері талқыланды
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты «Абай орталықтары және абайтанудың қазіргі өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған шараға әдебиеттанушы-ғалымдар, оқытушы-профессор құрамы, докторант, магистрант, студенттер және кітап сүйер қауым қатысты.
«Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір Абай академиясының бүгінгі күнде абайтану саласында еліміздің іргелі ғылыми-зерттеу институттарының қатарынан өзінің орнын алуға, еліміздегі абайтану орталықтарымен және белгілі абайтанушы ғалымдармен бірлесіп кешенді талдамалық зерттеулер жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«2019 жылдан бастап «Абай академиясы» ҒЗИ қабырғасында 80-нен астам ғылыми-танымдық еңбектер жарық көрді.
2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тікелей қаржыландыруымен «Абай академиясында» арнайы жобалар аясында «Абай академиясы» атты сериямен 23 академиялық басылымдар оқырманға ұсынылды», - деді Ж.Әубәкір.