Астанада Абайдың 180 жылдығына орай жыр кеші өтіп жатыр


Хакім Абайдың туғанына 180 жыл толуына орай елордадағы Жастар театрында “Өлең сөздің патшасы” атты жыр кеші өтіп жатыр, депхабарлады Elordainfo.kz.
Кештің мақсаты - Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, қазақ өлеңінің құдіретін насихаттау және жас ұрпаққа ұлттық рухани құндылықтарды сіңіру.
“Абайдың 180 жылдығына орай 8-10 тамыз аралығында Абай жерінде үлкен той өтеді. Соған қазір республиканың түкпір-түкпірінде ақынның 180 жылдығы аталып жатыр. Осы ретте біз, Қазақстан жазушылар одағы Астана қаласы филиалы мен Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы бірлесіп, осы кешті ұйымдастырып жатырмыз. Кешке белгілі ақындар, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері, атап айтқанда, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, ақын Оңайгүл Тұржан, сондай-ақ жас ақындар қатысады. Мұнда олар Абайға арналған және еркін тақырыпта өлеңдер оқиды. Сондай-ақ кеште ақынның әндері шырқалады. Жалпы бүгін Хакім Абайдың рухын көтеретін әдемі кеш болады деп тұрмыз”, - деді Қазақстан жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, әдеби кеште 20 мен 70 жас аралығындағы көпке танымал елордалық қаламгерлер өз өлеңдерін қала тұрғындары мен қонақтары, зиялы қауым өкілдері - яғни көрермендерге тарту етеді.



