00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Астанада ақын Фариза Оңғарсынованы еске алды

26 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астанада ақын Фариза Оңғарсынованы еске алды

Астанада ақын Фариза Оңғарсынованы еске алды, деп хабарлады Elorda.info.

Оның ізбасарлары ақынның мерейтойын айрықша атап өтуді жоспарлап отыр. Мерейтойлық іс-шараның алғашқысы елордадағы Фариза Оңғарсынова атындағы №77 мектеп-гимназиясында ұйымдастырылды.  

Еске алу кешіне ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Президент жанындағы Ұлттық Құрылтай мүшесі Кәрімбек Құрманәлиев, мемлекет және қоғам қайраткері, Ирак Елекеев, «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры, Дихан Қамзабекұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткер Елена Әбдіхалықова, ақынның ұлы Алмас Оңғарсынов, мектеп мұғалімдері мен оқушылар қатысты.

6b70fb0456d59a3333a327b9216ab0ae_1280x720.jpeg

Қазақтың аяулы ақын қызы Фариза Оңғарсынованың 85 жылдық мерейтойы биыл жыл бойы ел көлемінде аталып өтіледі. Бүгін өткізіліп отырған дөңгелек үстел, оқушылардың ақын шығармасына театрландырылған сахналық қойылымы, айтылатын әндер, оқылатын өлеңдер барлығы өлеңдері халық жадынан өшпейтін ақынның рухына арналады, – деді мектеп директоры Нұрлан Искаков. 

Кездесуде сөз сөйлеген Ирак Елекеев Фариза апамыз жайлы жылы естеліктер айтты. Ақын дүние есігін ашқан Атырау өңірінде туған Ирак Қасымұлы да жыр падишасының ерекше мінезі, шығармашылығы жайында лебіздерін білдірді.

Фариза апамыз Парламент Мәжілісінде депутат болған кезінде ана мен балаға қатысты көптеген проблемаларды шешті. Бала құқын қорғау департаментін барлық өңірде ашылуына мұрындық болды. Осында отырған ғалымдар, академиктер апамыздың рухани досы, жанында жүрген ізбасарлары деуге болады, ақынның елге сіңірген өлшеусіз еңбегі туралы жан-жақсы айтып бере алады, – деді Ирак Елекеев.

71bb084cc17f08578e1d373155cd5c3a_1280x720.jpeg

Сапалы ұлт тәрбиелеу, саналы білім беру – осындай мектептен, балабақшадан басталады. Әлеуметтік сарапшылардың пікірінше, қазір әлеуметтік желіден көз алмайтын адамдар болашақта кітап оқып, газет-журнал парақтайтын болады, солай білімін жетілдіреді дейді. Әлеуметтік желінің заманы тозады, алған білім, парасат алға озады. Солардың қатарында Фаризаның мектебінде оқыған Сіздер табылатыныңызға, ақынның өлеңдерін білмейтін, екі өлеңін жатқа айта алмаған оқушының осында жоқ екендігіне толық сенемін, сенім артамын. Тарихты тұлғалар жасайды, соларға қарап басқалар бой түзейді, сондықтан ақынның өлеңдерін үнемі оқыңыздар, болашаққа жеткізіңіздер. Оқудың арқасында қоғамда айтулы тұлғаға айналған адамдар көп, соның бірі – Амантай Шәріп ағаларың. Кезінде бала болып «Қазақстан пионері», қазіргі «Ұлан» газетіне мақала жазған Амантай Шәріп қазір академик, университетте дәріс береді, оған дейін бас редактор лауазымында да болды. Тұлғалармен рухани байланыс, алған білім болашақтарыңа қызмет етеді, – деді Кәрімбек Құрманәлиев.

8bbda7d5e82537a76828cb2f84347ca7_1280x720.jpeg

Фариза мектебі, онда алған білім – елорда білімінің флагманы болуы керек деп есептеймін. Өкінішке қарай, көптеген оқу ордалары қазір қандай балалар басылымдары барын білмейді, оқымайды. Баспасөзбен қаруланған, үйінде кітап оқыған адамның ой-өрісі, көзқарасы басқаша болады, сондықтан Фариза апай басқарған «Ақ желкен» журналына жазылыңыздар деймін. Фариза Оңғарсынова – үлкен қасиеттің иесі, әсіресе, әйел қайраткер қандай болуы керек, шығармашыл қыздардың болмысын танытқан бірегей мінезді тұлға. Мінез, ұстанымы арқылы ол қасиетімен танылды, өзгелерге үлгі болды, болып келе жатыр, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Мектеп оқушылары кездесуде ақынның шығармасы бойынша театрландырылған «Қасірет пен ерлік жыры» атты көрініс қойды, ән шырқап, ақын өлеңдерін оқыды. Кеш соңында ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған мектеп гимні ойналды, жиналғандар ақын рухына тағзым етті.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ