Астанада ақын есімі ұлықталды
Абай күнінде Amanat партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты Астанадағы «Қаламгерлер» аллеясында ақын есімін ұлықтау мақсатында іс-шара өткізді, деп хабарлады Elorda.info.
Басқосуға абайтанушы ғалымдар, жас ақын-жазушылар және қала тұрғындары қатысты.
«Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев ақын рухын ардақтауға арналған іс-шара елордада бастау алып, еліміздің барлық аймағында әртүрлі форматта жалғасын тауып жатқанын атап өтті.
Алаштың ардақты ақыны Абай Құнанбайұлының туған күнін рухтастар болып ұлықтап, айрықша форматта өткізуді жөн көрдік. Елордада жас ақын-жазушылармен лирикалық кездесу өткізсек, еліміздің өзге өңірлерінде қызықты квест пен викторина ұйымдастырылуда. Өскелең ұрпақ ақынның өлеңдерін оқып, әндерін шырқап жатыр. Осы орайда, жастар қанаты игі бастамаға ұйытқы болып, еліміздің 12 аймағында жұмыс істеп тұрған «Сөйле» атты үйірмемізде қыркүйектен бастап аптасына бір рет Абайтану сабағын өткізу туралы шешім қабылдадық, – деді Н.Жетпісбаев.
Кездесуде ақын, абайтанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Алмахан Мұхаметқалиқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Мирас Асан, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Жәнібек Әлиман, ақын, ҚР Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Батырхан Сәрсенхан сөз сөйледі.
Сонымен қатар, іс-шара барысында ақындар өлең оқыды, орындаушылар Абай әндерін шырқады. Ал «Алтын домбыра» өнер орталығының шәкірттері күмбірлетіп күй шалқытты.