Астанада 7 жатақхана ашу жоспарланып отыр
Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Мемлекет басшысы қаланы аралау барысында елордадағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралап шықты. Мәселен, оқу жылының басынан бері елордада 24 мектеп салынып, есігін айқара ашты. Оның 16-сы – Мемлекет басшысының «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында. Білім ошақтарының құрылысына жеке қаражат та тартамыз», - деді әкім.
Бүгін Мемлекет басшысы Kazakhstan International School Astana (KIS Astana) ғимаратына барды. Білім беру мекемесі 800 оқушыға және мектеп жасына дейінгі 120 балаға есептелген. Мектеп халықаралық бакалавриат (IB) аккредитациясынан өткен, ол үш бағытты қамтиды: бастауыш, орта және жоғары мектеп. Оқу кабинеттері оқушының қарым-қабілетін ашуына қолайлы жағдай жасайтын заманауи технологиялармен жабдықталған.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы да аралап көрді. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған Студенттер үйі үш заманауи блоктан тұрады.
«Биыл Астанада 3400 орындық тағы 7 жатақхананы іске қосу жоспарланып отыр. Сол сияқты қаланы аралау барысында QazSwimAcademy спорт орталығына бардық. Аталмыш бірегей кешенде спортшыларды даярлауға қажетті барлық жағдай жасалған. Ересектер мен балалар ұзындығы әртүрлі бес бассейнде жаттыға алады: оның бірі 50 метрлік болса, екеуі 25 метрлік және екеуі 10 метрлік жүзу жолақтары бар бассейндер. Топтық жаттығулар 25 бағыт бойынша жүргізіледі, сондай-ақ мұнда кәсіби жаттығу залы да бар. Сонымен қатар, спорт нысаны жүзуге қажетті машықтарды шыңдап, бұлшық еттерді ширататын арнаулы жаттығу құралдарымен жабдықталған», - деді қала басшысы.
Президент сол сияқты Астана қаласының №1 индустриялық паркіндегі электровоз құрастыру зауытын және құрылыс материалдарын шығаратын зауытты аралап көрді.
«Мәселен, электровоз шығаратын зауыт 380 жүк және 70 жолаушы электровозы мен олардың құрамдас бөліктерін шығарып, оларға техникалық қызмет көрсетіп жатыр. Қазір кәсіпорын локомотив корпустарын, трансформаторлар, төмен және жоғары вольтты шкафтар және т.б. шығарады», - деді Жеңіс Қасымбек.