Астанада 2026 жылы «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі өтеді

Бүгін, 15:36
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астанада 2026 жылы «Болашақ ойындары» халықаралық турнирі өтеді
Фото: ortcom.kz

2026 жылы Астанада фиджитал-спорттан «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирін өткізу жоспарда бар. Жарыс 18 шілде мен 1 тамыз аралығында өтеді, оған 100-ден астам мемлекеттен 1 500-ден артық спортшы қатыспақ. Турнир 13 дисциплина бойынша ұйымдастырылады. Ойындарға елорданың барлық ірі спорт нысаны тартылмақ. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев ОКҚ алаңында мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, жарыс Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Барыс Арена» МА, «Сарыарқа» велотрегі, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайы, «Билайн Арена», инклюзивті спорт орталығы, Конгресс-орталық және т.б. сияқты жетекші стадиондарда өтеді. 

«Бүгінгі таңда турнирдің дисциплиналары анықталды: Phygital Football, Phygital Fighting, Phygital Basketball, Phygital Dancing, Phygital Hockey, Phygital Shooter, Phygital Battle Royale, MOBA 1 және MOBA 2, Phygital drone Racing. Турнирде ұсынылатын барлық дисциплиналар санаттарға бөлінеді: спорт, техника, тактика, батл», – деді С.Жарасбаев.

Ойындар шеңберінде робототехника, виртуалды және толықтырылған шындық, спорт және білім беру саласындағы жетістіктердің интерактивті көрмесі – «Болашақ қаласы» арнайы жобасын іске асыру жоспарланған. 

БАҚ үшін аккредиттеу турнирден 6 ай бұрын, 2026 жылдың қаңтар айында басталады. Шараға көптеген шетелдік баспасөз өкілдері қатысады деп күтілуде. Мұндай турнир алғаш рет 2024 жылдың ақпан айында Ресейдің Қазан қаласында ұйымдастырылған. Ал, биыл «Болашақ ойындары» желтоқсан айында Абу-Дабиде (Біріккен Араб Әмірліктері) өтеді.