Елордалық жастар экоакцияға белсенді қатысып жатыр
Астана жастары Сарыарқа ауданындағы қоғамдық кеңістікте тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, «Таза Қазақстан. Астана - тазалық пен тәртіптің үлгісі» экологиялық акциясына белсенді қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Біз елорда жастары ретінде апта сайын қаланы тазалауға қатысамыз. Біз үшін тазалық пен тәртіпті сақтау маңызды және біз осы маңызды акцияның бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз», - деген қатысушылардың бірі, мұндай іс-шаралар қоршаған ортаны жақсартуға ғана емес, сонымен бірге адамдарды ортақ мақсатқа біріктіруге де көмектесетінін атап өтті.
Сондай-ақ экоакция аясында Сарыарқа ауданында 30-дан астам ағаш отырғызылды.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан. Астана-тазалық пен тәртіптің үлгісі» экоакциясы аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, орамішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, үй жанындағы, орамішілік және аула аумақтарының кірме топтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жасауға бағытталған.