Астана тұрғындары өрт сөндірушілерге қолдау көрсетті: Палау мен су әкелді
Астана тұрғындары өрт сөндірушілерге қолдау көрсетті. Олар палау мен су әкелді, деп хабарлады Elorda.info.
Солардың бірі – көлік жөндеу орталығының басшысы Фозилжон Насиров.
Мен таңертең өрттің исінен ояндым. Кейін терезеден қарасам, аспанды қара түтін басқанын көрдім. Бірден досымды алып, көлікпен өрт жаққа қарай бет алдық. Сол кезде қалтамда тек 5 мың теңге болды. Оған өрт сөндірушілерге су мен айран сатып алдық. Оқиға орнына жеткен бойда заттарды бірден сол маңдағы адамдарға бердік. Сол сәтте өрттің таралу аймағы үлкен екенін байқадық. Кейін әлеуметтік желідегі парақшаларға өрт жайлы ақпараттар тараттым. Содан адамдар өрт сөндірушілерге көмек беру үшін маған ақша жібере бастады. Ал арада біраз уақыт өткен соң көмекке екі көлік келді. Барлығымыз бірге өрт сөндірушілерге су мен тамақтар тасыдық. Осы уақытта өрттің жалпы ауданы 80 га құрады. Сондықтан екінші рейске Қосшы-Ильинка, ал үшінші рейске Ұлы дала жағынан бардық, - деп еске алды елорда тұрғыны.
Фозилжон Насиров достарымен бірге түн жарымға дейін өрт сөндірушілерге тамақ тасығанын айтты.
Өрт сөндіру үшін олар түн жарымға дейін жұмыс істеді. Сондықтан біз оларға ыстық тамақ апарғанымыз дұрыс деп шештік. Біз 30 порция палау сатып алдық. Ал менің әлеуметтік желіге салған ақпараттардың арқасында жол бойында кетіп бара жатқан адамдар да жәрдемдесті. Олар да қолдарында бар тамақтарын беріп отырды, - деді ол.