Астана прокуратурасы терроризм саласындағы заңмен тыйым салынған әрекеттерге жол бермеуге шақырды
Астана қаласы Комуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқарма бастығының орынбасары Мадияр Игенов аталған қылмыс түрі үшін қандай жауапкершілік қарастырылғанын түсіндірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан Республикасында терроризмге қарсы іс-қимыл Конституциямен, Қазақстан Республикасының «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңымен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.
Заңнамада қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіпке қарсы әрекеттер үшін қылмыстық, әкімшілік және азаматтық- құқықтық жауапкершілік көзделген.
«Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру ӘҚБтК-нің 438-бабы бойынша 60 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы түріндегі қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады. Бұл ретте құқық бұзушыға барлық арнайы қызметтердің шыққаны үшін жұмсалған бюджет қаражаты азаматтық талап қою арқылы сотпен өндіріледі. Ал егер кінәлі адам 14 жасқа толмаған немесе өзінің табыс көзі жоқ кәмелетке толмаған сотталған болса, келтірілген зиянды ата-анасы немесе заңды өкілдері өтейді», - деді Мадияр Игенов.
Терроризмді насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру үшін – мүлік тәркіленіп, он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалады. Ал террористiк топ құрғаны, оған басшылық еткені және оның әрекетіне қатысқаны үшiн мүлік тәркіленіп, Қазақстан азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жауаптылығы көзделген.
Қылмыстық кодексте көзделген жауаптылықтар:
- террористік немесе экстремистік әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік (ҚК 258-бабы) - мүлік тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;
- террористiк не экстремистiк әрекетті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру (ҚК 259-бабы) – мүлік тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;
- террористік немесе экстремистік дайындықтан өту (ҚК 260-бабы) – мүлік тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы;
- қоғамдық немесе діни бірлестікке немесе өзге де ұйымға қатысты олардың экстремизмді немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты қызметіне тыйым салу немесе тарату туралы заңды күшіне енген соң сот шешімі бола тұра, олардың қызметіне қатысу (ҚК 405-бабы) – шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жібере отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Жоғарыда аталған қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік айтарлықтай қатал және барлық жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылғанын атап өту керек.
«Прокуратура азаматтарды терроризм актісі туралы арнайы қызметтерге көрінеу жалған ақпаратты хабарламауға, терроризмді насихаттамау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақырмауға, террористік топтар құрмауға және оларға қатыспауға шақырады, сондай-ақ терроризм саласындағы заңмен тыйым салынған өзге де қызметке жол бермеуге шақырады», - деді ол.