Астана мәслихатының төрағасы «Еlorda Аqparat» медиахолдингіне келді


Бүгін Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден «Elorda Aqparat» медиахолдингіне арнайы келіп, холдинг құрамындағы редакциялардың күнделікті жұмысы мен шығармашылық үдерісімен танысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қонақты медиахолдинг директоры Олжас Сыдықбек қарсы алып, ұжым мүшелерімен таныстырды. Қазіргі таңда «Elorda Aqparat» құрамына «Astana Aqshamy» және «Вечерняя Астана» республикалық газеттері мен Elordainfo.kz желілік басылымы кіреді.
Елордалық ақпарат кеңістігінде жетекші рөл атқарып отырған қос газет – «Astana Aqshamy» мен «Вечерняя Астана» биыл 35 жылдық мерейтойын атап өтпек. Басылымдар елордадағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің айнасына айналып, мазмұн тереңдігімен, сараптамалық материалдарымен ерекшеленіп келеді. Қаламен бірге түлеп, заманауи форматқа бейімделген қос басылым аптасына үш рет, 12 бет көлемінде жарық көреді. Жалпы апталық таралымы – 15 мың данадан асады.
«Astana Aqshamy» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр кездесуде Журналистер мерекесі қарсаңында редакцияға алғашқылардың бірі болып ат басын бұрған мәслихат төрағасының бұл қадамын құптарлық іс екенін жеткізді.
Сондай-ақ, медиахолдингтің құрылымындағы Elordainfo.kz сайтының жұмысы да таныстырылды. Онлайн басылым елорданың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты жедел әрі сенімді ақпарат ұсынып, республикалық деңгейдегі маңызды жаңалықтарды да жариялап отырады.
Кездесу барысында медиахолдинг директоры Олжас Сыдықбек мультимедиалық контент өндіру бағытында қолға алынған жаңа жобалар жайлы да айтты:
«Қазіргі уақытта YouTube арнасына арналған подкасттар мен бейнежобалар әзірлеуге арналған арнайы студия жасақталуда. Болашақта бұл студияда түрлі жиындар, конференциялар, семинар-тренингтер мен шығармашылық кештер өткізу жоспарланған», - деді ол.
Кездесу соңында журналистер мәслихат төрағасына өз сұрақтарын қойып, ашық форматтағы пікір алмасу өтті.