00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Астана - үлкен ортақ үй»: Атақты хоккейшінің қатысуымен құстарға ұя жасау шарасы өтті

«Астана - үлкен ортақ үй»: Атақты хоккейшінің қатысуымен құстарға ұя жасау шарасы өтті
фото: Василий Крась

Бүгін Ботаникалық бақта «Астана — үлкен ортақ үй» бірегей іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Funny sport жобасы бойынша елордамыздағы құстар үшін жаңа құс үйлері құрастырылды. Шараға қала тұрғындары да қалыс қалмай, 50-ден астам отбасы құстарға арналған жайлы үйлерді жасап, еңбектегі қабілеттерін шынайы тәжірибеде көрсетті.

 «Funny sport жобасы салауатты өмір салтын насихаттайды. Жобамызда көптеген спорт шаралары қамтылған. Бүгін «Астана – үлкен үй ортақ үй» шарасы хоккей тақырыбына арналып, көпке танымал Роман Старченконың қатысуымен балаларға спортпен айналысудың маңыздылығын айтып, қолтаңба берді. Артынша жоспар бойынша 50 құс ұясын құрастырып, ағашқа ілдік» - деді іс-шара  ұйымдастырушысы  Жәмиля Федосова.

Іс-шараның арнайы қонағы ретінде белгілі қазақстандық хоккейші, «Барыс» командасының шабуылшысы Роман Старченко қатысты.

«Баланы кіші жастан қоршаған ортаны таза ұстауға, жалпы мәдениетке баулуға үйрете берген дұрыс. Одан бөлек, жеткіншектермен сөйлесіп, осы күнді естерінде сақтауға да үлес қосқым келеді.  Себебі, хоккеймен айналысып жүрген немесе енді ғана бастаған балалар бізді үлгі тұтатыны анық. Ал құс ұясын салу идеясы да күшті. Мектеп кезде еңбек сабағында ғана құрастырғаным есте қалыпты. Жалпы спортпен кәсіби түрде айналысқан соң, көп уақытым бола бермейді. Алда құрлықтық хоккей мен ұлттық құрамамен 2026 жылғы Олимпиаданың іріктеу кезеңі күтіп тұр», - деді шайбалы хоккейден ұлттық құраманың капитаны Роман Старченко.

Шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы 29 тамыз – 1 қыркүйек күндері аралығында Братислава (Словакия) қаласында 2026 жылғы Олимпиадаға іріктеу аясында Венгрия, Аустрия, Словакиямен шеберлік байқасатын болады.

«Бүгінгі шараға атақты хоккейшінің уақыт бөліп келгені қуаныш сыйлады. Матчтан кейін автограф алу оңайға соға бермейді. Осындай сәтте еш асықпай, емін-еркін суретке түсіп алуға да болады. Роман Старченконы ұлттық құрама мен «Барыс» хоккей клубының көшбасшысы деп білемін. Өзім де Pro Hockey командасында шайбалы хоккеймен айналысып жүрмін. Астана қаласында осындай хоккейшілермен өткен бейресми шараларды қалдырмауға тырысамын. Құс ұясын салу акциясының бір мүшесі болғаныма разымын. Біз салған ұялардың арқасында құстар өз орындарын табады деп ойлаймын», - деп 13 жастағы Исматулла Достаров пікірін білдірді.

Іс-шара жастарға экологиялық мәдениетті сіңіріп, мейірімділік қасиетін оятады деп сенеміз.