Астана әкімі полицейлерге пәтер кілтін табыстады

Бүгін, 15:02
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астана әкімі полицейлерге пәтер кілтін табыстады
Фото: instagram.com/jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек ішкі істер органдарының қызметкерлерін кәсіби мерекесі – Полиция күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Полиция қызметкерлері күн сайын қоғамдық тәртіпті қадағалап, қала тұрғындарының қауіпсіздігін, көше тәртібін қамтамасыз етеді. Олардың жанқиярлығының, кәсібилігі мен төзімділігінің арқасында мыңдаған адамның өмірі құтқарылды.

«Бүгін 20 полиция қызметкерінің отбасына пәтер кілтін табыстадық. Олардың қатарында инспекторлар, жедел уәкілдер, криминалистер, жүргізушілер, тергеушілер, ақпарат және байланыс басқармасының инженерлері және т.б. бар. Соңғы жылдары 50-ден астам полиция қызметкеріне баспана берілді. Алдағы уақытта да тұрғын үй мәселесіне ерекше көңіл бөлеміз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Қала әкімінің айтуынша, Мемлекет басшысының қолдауының арқасында полицияның штат санын кезең-кезеңімен арттыру мәселесі шешіліп жатыр. Мәселен, былтыр қосымша 200 штат бөлінді. Материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсартуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Соңғы үш жылда «Байқоңыр», «Есіл», «Сарыарқа» аудандарының полиция басқармаларына, арнайы жасаққа, «Сарыарқа» аудандық полиция бөліміне және т.б. ғимарат берілді.

«Учаскелік пунктер желісін дамытып жатырмыз. Соңғы екі жылда 10 жаңа пункт ашылды, биыл тағы 14 пункт ашу жоспарланып отыр, олардың 2-еуі қазірдің өзінде жұмыс істеп тұр, қалғандары бойынша ғимараттар іріктеліп жатыр. Халық көп жүретін орындарға 16 модульдік бекет орнатылды, биыл тағы 3-еуі қосылады.

Автопаркті жаңартып жатырмыз: соңғы екі жылда 74 техника сатып алынды, жыл соңына дейін тағы 17 бірлік алу жоспарланып отыр. Қалалық Полиция департаментін жабдықтау мен қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсарту бағытында жұмысты жалғастырамыз», - деді елорда әкімі.