Астана әкімі бокстан әлем чемпиондарына пәтер кілтін табыстады
Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатында чемпион атанған Санжар Тәшкенбай (48 келі) мен Нұрбек Оралбайды (80 келі) қабылдады, деп хабарлады Elorda.info.
Кездесу барысында қала әкімі Жеңіс Қасымбек:
Санжар Тәшкенбай мен Нұрбек Оралбай алтын жүлдегер атанды! Бүгін оларға демеушілер есебінен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс еттік. Сол сияқты жаттықтырушылардың да еңбегін назардан тыс қалдырмадық.
Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен үздіксіз дайындық, спортшылардың өзіне деген сенімділігі жатыр! Боксшыларымыздың ары қарай да биік белестерді бағындырып, жеңіс тұғырынан көріне беруін тілеймін! — деп, боксшыларға өзінің ыстық ықыласын жеткізді.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы өткен әлем біріншілігінде 4 алтын, 1 күміс жүлде алған болатын.