Астана әкімдігі қаладағы газ тапшылығына қатысты түсініктеме берді
Қазан айында Атырау зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысына және «ПМХЗ» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыттарының үлкен жүктемесіне байланысты Астанада автогаз тапшылығы туындады, деп хабарлады Elorda.info.
6 қарашадағы жағдай бойынша қалада газ қалдығы 900 тоннаны құрады, жолда келе жатқаны – 1 476,3 тонна. Оның ішінде 9 вагон (324 тонна) жеткізілді, 7 қарашада 16 вагон (576 тонна) жеткізіледі деп күтіліп отыр. Бүгіннен бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыты 25 вагон (900 тонна) газ, 8 қарашада 15 вагон (540 тонна) сұйытылған газ көлемін жөнелтуді бастайды, - делінген әкімдік ақпаратында.
Зауыттардың қызметі, сондай-ақ газды уақытылы жөнелту мен жеткізуді қамтамасыз етуді реттеу мәселесі Энергетика министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ құзыретінде.
Сұйытылған газдың жетіспеушілігін ескере отырып, сатушылар автогаз құю станцияларында талондық жүйені енгізу арқылы сату бойынша шектеулер енгізді.
Бұл шаралар жағдайды қалыпқа келтіргенге дейін газ тапшылығын болдырмауға байланысты қолданылады.
Елорда әкімдігінде мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын өткізушілердің қатысуымен кеңес өтті.
Қазіргі уақытта мәселе тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында, шектеулерді кезең-кезеңімен бір апта ішінде алып тастау жоспарланып отыр.