Астана қаласы көркем гимнастикадан кезекті Қазақстан чемпионатын қабылдады

Астана қаласы көркем гимнастикадан кезекті Қазақстан чемпионатын қабылдады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін елордамыздағы IZUMRUD гимнастика мектебінде көркем гимнастикадан ел біріншілігі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

24-26 мамыр күндері аралығындағы бәсекеде 2009 және одан кіші жылдары дүниеге келген спортшылар арасында топтық және жекелей сайыстар бойынша үздіктер анықталады.


Қазақстан чемпионатында Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Абай облысы, Павлодар облысы, Алматы облысы, Қызылорда облысы, Қарағанды облысы, Ақмола облысы, Маңғыстау облысы, Атырау облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы, Солтүстік Қазақстан облысынан 150-ден астам гимнасшы жүлдеге таласып жатыр.

«Астанада өтіп жатқан бұл чемпионат – елдегі көркем гимнастиканың басты іріктеу додасы. Жарыс нәтижелері бойынша, ұлттық құрама жасақталып, халықаралық ареналарға баратын үміткерлер анықталады. Көркем гимнастикадан ел спортының тарихы тереңде жатыр. 2004 жылдан бері Қазақстанның көркем гимнасшылары тұрақты түрде жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келе жатқандықтан, ел ішінде бәсекелестік өте жоғары. Мысалы, жақында ғана Сингапурда өткен Азия чемпионатында ел спортшылары топтық сайыста көпсайыста алғаш рет чемпион атанды. Бәсекелестіктің өсуі спортшыларды жаңа биіктерге ұмтылуға итермелейді. Ең басты стратегиялық мақсат — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға жолдама алып, абыроймен өнер көрсету», - деді көркем гимнастикадан мемлекеттік жаттықтырушы Жанар Омарова.

Бүгінгі жарыс күнінде қатысушылар шығыршық және доп жаттығулары бойынша іріктеу кезеңінде сынға түседі.