Финляндия боксшыларын жаттықтырып жүрген қазақстандық бапкер Асқар Сәрсенбаевпен сұхбат


Астанада бокстан Әлем кубогының кезеңі өтіп жатыр. Осы орайда жарысқа қатысушылардың елдердің арасынан Финляндия ерекше көзге түседі. Себебі оларды қазақстандық маман Асқар Сәрсенбаев жаттықтырады. Еуропалықтарды ерекше қазақ бокс мектебінің әдістерімен дайындап жүрген бапкеріміз Elordainfo.kz сайтына сұхбат берді.
- Бокс сіздің қалыпты өміріңізге сіңіп кетті. Қазіргі таңда Финляндия құрамасының бас бапкерісіз. Дәл осылай өміріңізді бокспен байланыстырамын деп ойладыңыз ба?
- Бала кезде азаннан кешке дейін жаттығу залынан шықпайтын, 50-60 жас боксшыны жетілдіріп, бар уақытын бөлетін жаттықтырушыны аяп кететін едік. Өмірімде бапкер болмаспын деп ойлайтынмын. Ағайымыз да екінің бірі бұл өмір жолына шыдамайды дейтін. Бірақ осы бағыт бұйырды. Жаман деп айта алмаймын. Бапкер болудың арқасында жаман жолға түсіп бара жатқан балаларды дұрыстауға, бос уақытын тиімді жұмсауға үлес қосып жатырмын. 30 жылдай уақыт бойы Финляндияда жұмыс істеп келемін. Шетелде тұрғанның арқасында қазақ тілінен бөлек, фин, швед, ағылшын тілдерін де жетік меңгеріп алдым. Жақсы маман екенімді дәлелдеген соң, олар маған жасөспірім, жастар, ерлер, әйелдер құрамасын сеніп тапсырды.
- Кентау қаласының тумасысыз. Бокс жолын да сол қаладан бастаған шығарсыз? Алғаш боксқа қалай келдіңіз? Кімдермен бірге жаттықтыңыз? Қазір де байланысып тұрасыз ба?
- Иә, Кентаудың 52-кварталында дүниеге келгенмін. Бала кезде көшеде доп теуіп өстік. Бірде балалардың барлығы бокс үйірмесіне жазылды. Алайда секция тек 10 жастан бастап қабылдайтын. Ал мен 9 жаста едім. Қатарластарымнан қалмау үшін, жаттықтырушыға 10 жастамын деп айтуға келді. Өтірігім ұзаққа бармады. Арада 2-3 апта өткен соң, деніміз сау деген анықтаманы әкелуді тапсырды. Сол жерден менің 10 жасқа толмағанымды біліп қойды. Абырой болғанда, жаттығудан қалмағандықтан, маған қалуға рұқсат берді. Содан бері бокс менің өмір салтыма айналды. Қазбек Мырзақұлов атты мықты бапкер жаттықтырды. Менен бөлек, 1994 жылғы Азия ойындарының чемпионы Қанатбек Шағатаев шықты. Қазақстанда да бірнеше шыңдарды бағындырған спортшылар болды. Менен үлкен Рахматулла Шерметов білікті жаттықтырушыға айналды. Ол жастар арасында жетістікке жетіп жүрген Бақтияр Анарбаевты тәрбиеледі.
- Финляндияға 90 жылдардың аяғында тұрақтадыңыз. Спортшы ретінде қандай жетістікке жеттіңіз? Әлем чемпионаты және Олимпиадаға қатысу мүмкіндігі болды ма?
- 1997 жылы бұл елге алғаш рет келдім. Қазіргідей Шенген виза деген жоқ. Тек 3 айға ғана кіруге рұқсат береді. Уақытын біткен соң, қайтадан создырасың. Оның үстіне Финляндияның ішкі жарыстарына қатысу үшін, 3 жыл тұру шарт. Белгіленген мерзімнен кейін Финляндияның 3 дүркін чемпионы атандым. 2001 жылы Финляндияның «Таммер» халықаралық турнирінде 63,5 келіде сынға түсіп, топ жардым. АҚШ, Германия, Балтық елдерінің жарыстарында жүлдеге таластым. Өкінішке қарай, Еуропа, Әлем чемпионаты, Олимпиада ойындарына қатысуға Финляндияның төлқұжаты қажет. Ол менде болмады. Бірақ әуесқой бокста 34-35 жасқа дейін жұдырықтастым. Қазір 40 жасқа дейін жарысқа қатысуға болады ғой. Ол кезде 35-тен асқандарға рұқсат берілмейтін. Нәтижесінде бапкерлікке бет бұрдым.
- Әлемдегі тұрақсыздық салдарынан споршылардың басқа мемлекеттің намысын қорғауы қалыпты үрдіске айналып кетті. Мұндай жайт сізге қаншалықты қолайлы? Әртүрлі ұлт өкілдерін жаттықтыру нәтиже бере ме?
- 90 жылдардың аяғында Финляндияға барғанда айналамда өзге ұлт өкілдерінен тек мен ғана едім. Қазір бұл қалыпты үрдіске айналып кетті. Әлемдегі түрлі қақтығыстар жергілікті халықтың туған жерін тастап, жат елге көшуіне әсер етті. Финляндияның қазіргі құрамасында африкалық, украиналық, Ирак, Ираннан келіп жатқан боксшылар бар. Осының арқасында ішкі бәсекелестік күшейіп кетті.
- Бапкер ретінде шәкірттеріңіздің қазақ боксшыларымен жарыста жолдары көп түйісті ме?
- Финляндия құрамасымен 2013 жылы Алматыда өткен ерлер арасындағы әлем чемпионатына барғанбыз. Сол кезде шәкіртім Вилли Хуккенен 1/16 финалда Олимпиаданың екі мәрте күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке есе жіберген болатын. Ал 2016 жылы Астанадағы әйелдердің жаһандық додасында жолдарымыз түйіспегенімен, халықаралық турнирлерде қыздарым бірнеше рет Карина Ибрагимова және т.б. қазақстандық спортшылармен кездескен.
- Финляндия бокс спорты қаншалықты танымал? Балаларды осы спортпен айналысуға қалай қызықтырасыздар?
- Бокс танымал спорттардың қатарына кіреді. 2016 жылы Рио Олимпиадасында бокстан 1 қола жүлде бұйырды. 2021 жылы Токио Олимпиадасында да бокстан қола медаль жеңіп алдық. Елде танып жатады. Үкімет те жақсы көңіл бөледі. Сол жетістіктердің арқасында балалар боксқа ағылды. Өздеріңіз білетіндей, бокста көп жағдайда «аш» адамдар үлкен жетістіктерге жетеді. Ал скандинавиялық елдерде өмір сүру деңгейі жоғары болғандықтан, балалардың барлығы боксты кәсіби түрде жалғастырмайды. Олардың көпшілігі бейбіт спорт түрлерімен айналысқанды қалайды. Финляндияда мектеп оқушыларына айына бір рет әр спорттың секциясына барып, танысуға мүмкіндік беріледі. Көптеген спорттарды ішінен көріп, жаттыққан кезде ғана бала өзіне ұнайтын үйірмеге жазылады.
- Әлем чемпионаты, Олимпиада жүлдегерін шығардыңыз. Алдағы мақсатыңыз қандай?
- Қазіргі сәтте бар назарымыз қыркүйек айында өтетін Әлем чемпионатында. Бұйырса, ерлер және әйелдерден 2-3 боксшыдан қосуға ниетіміз бар. Одан бөлек, 22 жасқа дейінгі Еуропа чемпионаты да жоспарланған. 2025 жылға арналған жоспарымыз осындай.
- Қазіргі сәтте көптеген елдер шетелдік мамандарды шақырып, ғылымның күшіне иек артуда. Тіпті Қазақстанның өзі АҚШ мамандарына жүгінеді. Финляндияда бокстың алға жылжуына қандай да мүмкіндіктер бар ма?
- Мұндай үрдіс Болгария, Әзербайжан, Сербияда кеңінен дамыған. Шетелдік бапкерлермен ғана шектелмей, кубалық, өзбекстандық боксшыларды да құрамаларына кіргізді. Өзім ондайды қолдамаймын. Өйткені легионерлер келгенімен, отандық бокс сол күйі дамымай қалады. Финляндияда да украиналық бапкерлер бар. Барлығымыз кеңестік мектептің түлек-шәкірттері болғандықтан, бағыт-бағдарымыз ұқсас. Оны түпкілікті өзгертудің қажеті жоқ деп санаймын.



