Астананың Алматы ауданында 70-тен астам ауланы абаттандыру жоспарланып отыр

14 тамыз, 2025
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views119
Астананың Алматы ауданында 70-тен астам ауланы абаттандыру жоспарланып отыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Бұл туралы тұрғындармен есептік кездесу барысында Алматы ауданы әкімі Рүстем Тәуекелов айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Алматы ауданында барлығы 324 аулаішілік аумақ бар.  Осы жылға 71 аула абаттандыру жоспарланған. Қазіргі таңда 42 аулада жұмыстар аяқталды, 30 тамызға дейін тағы 24 аулада абаттандыру жұмыстары аяқталу жоспарланып отыр, ал  25 қыркүйекке дейін тағы 5 аула абаттандырылады. Сонымен қатар аула аумақтарында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары (ЖҚЖ) аяқталды. Барлығы 51 аулада жұмыстар жүргізілді», - деді аудан әкімі.

Осылайша биыл  барлығы 122 аула аумағында жұмыстар аяқталуы жоспарланып отыр.

Бүгінде Алматы ауданында 5 саябақ және 32 кіші саябақ орналасқан.

«Аудан тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасау мақсатында тротуарлар, тақтайша төсемдер, орындықтар жөнделіп, қоршаулар, жарық бағандары мен шамдар қалпына келтірілді, ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген қоғамдық тұрақты дәретханалар жаңартылды. Осы жылға 15 қоғамдық кеңістік салу жоспарланған, бүгінгі таңда 6 кіші саябақта жұмыстар аяқталды, соның ішінде «Оңтүстік-Шығыс» шағын-ауданындағы Келес көшесі, «Железнодорожный» тұрғын алабындағы Керегетас көшесі, «3 Гектар» тұрғын үй кешенің жанында және «Хабар» тұрғын үй кешенінің қарсы бетіндегі кеңістік. Ғ.Мүсірепов көшесіндегі қоғамдық кеңістіктегі жұмыстар осы аптада аяқталады», - деді Р. Тәуекелов.

Әкімнің айтуынша, Қазақстан футбол федерациясының маңындағы Абылай хан даңғылы бойындағы «Күйшілер» аллеясы, Есіл өзенінің жағалауындағы, және М.Жұмабаев даңғылында қоғамдық кеңістіктерде жұмыстар басталды. Алдағы уақытта Қажымұқан көшесінде де жұмыстар басталады. Оқушылар сарайының айналасындағы және кіші саябақты абаттандыру жұмыстары осы айдың соңына дейін аяқталады.

«Б.Момышұлы даңғылы мен Қ.Сәтпаев көшесінің қиылысындағы жер учаскесін қайтарып алу туралы талап-арыз берілді. Бұл жерде биылғы жылдың соңына дейін аудан тұрғындары үшін тағы бір қоғамдық кеңістік салу жоспарланып отыр», - деді аудан басшысы.