00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Абай зерттеулеріне арналған жаңа 12 кітап жарық көрді

28 ақпан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Абай зерттеулеріне арналған жаңа 12 кітап жарық көрді
Оңалхан Оңерхан

Жаңа еңбекте алымдар ойшылдың «толық адам» тұжырымдамасына да терең зерттеулер жүргізген,,деп хабарлады Elorda.info.kz.

ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ-ы шығарған зерттеу жұмыстарын белгілі ғалымдар мен абайтанушылар дайындады. Авторлар қоғамның, ғылымның, әдебиеттің, тілдің өзекті мәселелерін Абайдың дүниетанымы мен мұрасы арқылы қарастырды.

«Абай академиясы» абайтанудың көп қырлы аспектісінде жан-жақты ғылыми, сараптамалық және әлеуметтанулық зерттеулер жүргізеді. Ұлы ойшылдың бай мұрасын шетелде кеңінен насихаттау белсенді жүргізілуде. Соңғы 4 жылда ақынның рухани мұрасы мен өмірінің әр саласы бойынша 80-нен астам кітап жарық көрді. Қазақ ойшылының өмірі мен шығармашылығына қатысты ғылыми еңбектер Мемлекет басшысының тұжырымдамалық идеяларымен үйлеседі. Абайдың ойлары мен тұжырымдарының терең философиясында жалпы адамзаттық құндылықтар сабақтасқан. Олар қазіргі қоғамның дамуымен өзара байланысты қарастырылуда, - деп атап өтті ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.

Барлығы тоғыз сериямен 12 жаңа кітап жарық көрді. Олар: Е.Сыдықовтың «Абай әулетінің тарихы», Т.Жұртбайдың «...Бір кемел», Е.Құрманғалиеваның «Батыс елдеріндегі және Түркиядағы абайтану», Е.Тілешовтің «Ынталы жүрек сезген сөз...», Б.Тұрсынбайұлының «Абайдан қалған арман», А.Салқынбайдың «Абайдың даналық әлемі», Ұ.Үмітқалиевтің «Абай және оның заманы тарихи-этнографиялық мұра», Ж.Әубәкірдің «Абай және ұлттық болмыс», Ж.Дәдебаевтың «Абай ілімі», Д.Ысқақұлының «Абай – дала данышпаны», Қ.Кемеңгердің «Абай мұрасы: 1891-1896», және Т.Қыдырдың «Абай мұрасы және ортағасырлық түркі жазба жәдігерлері: әдеби компаративистикалық талдау» атты дүниелері. 

Абайды тану үшін әлем әдебиетін білу керек. Мұны Шекспир, Гете, Пушкинді зерттеген қазақ ғалымдары жақсы біледі. Біз кітабымызда Абайды тілдік-философиялық бағыт арқылы зерделеуге тырыстық, оның әрбір сөзін мұқият талдап, ақынның әрбір туындысындағы сөздердің мән-мағынасын сараптадық, - дейді «Абайдың даналық әлемі» кітабының авторы Анар Салқынбай.

«Абай ілімі» кітабының 3-томының авторы, профессор Жанғара Дәдебаев Абай ілімінің өзекті мәселелеріне тоқталды. Зерттеу нәтижелерін оқу үрдісінде, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды дайындауда және Абай ілімі саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде пайдалануға болады. Басылым үш бөлімнен тұрады: «Абайдың «Толық адам» ілімі туралы тұжырымдамасы», «Абай ілімінің негіздері», «Абай ілімінің тоғысуы». Шығарма «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту» сериясымен жарық көрді.

Абайды зерттеу бір күн немесе бір жылдың ісі емес. Ең басты мақсат – Абай мұрасын жас ұрпаққа жеткізу. «Абай академиясы» ҒЗИ тек ғылыми-көпшілік зерттеулермен ғана емес, сонымен қатар Абайды зерттеудің жаңа әдісін насихаттаумен де айналысады. Біз «Абай мұрасы және қазақстандық қоғамның мәдени құндылықтары», «Абайдың «Толық адам» тұжырымдамасы және қоғамдық сананы жаңғырту», «Абай шығармашылығы және қазіргі қазақ әдебиетінің қалыптасуы», «Абай шығармаларының тілі және қазіргі тіл білімінің өзекті мәселелері», «Абай мұрасы контекстінде қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» атты 9 арнайы серия бойынша кітаптар шығардық, - деді  ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ҒЗИ директоры Жандос Әубәкір.

«Абай Құнанбайұлының мұрасы әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар аспектісінде» бағытында 50-ге жуық танымдық мақала, 22 әлеуметтік-танымдық кейс, заманауи мультимедиалық технологиялар көмегімен «Толық адам» ғылыми-танымдық кешені дайындалды.