«Хан Шатырда» коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![«Хан Шатырда» коронавирусқа қарсы егу пункті ашылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211172397702566.webp)
Вакцинация пункті астыңғы қабаттағы гипермаркеттің жанында орналасқан. Осы демалыс күндері аталмыш орталық қызметкерлері екпе салдырады, ал дүйсенбі, яғни 19 сәуірден бастап кез келген тұрғын вакцина ала алады. Вакциналауға қабылдау сағат 10:00-ден 22:00-ге дейін жүргізіледі.
«Бұған дейін вакцинация пункті «Mega Silk Way» СОО-да іске қосылды. Сондай-ақ «Keruen», «Абу-Даби Плаза» орталықтары дайын. Қажет болған жағдайда қаладағы қонақүйлерде де екпе пункті іске қосылады. Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарындағы вакциналау пунктерінің саны 36-дан 100-ге дейін артты. Жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 24:00-ге дейін ұзартылды. Сонымен қатар еңбек ұжымдарын вакцинациямен қамту үшін көшпелі медициналық бригадалар құрылды», – деді іс-шараға қатысқан елорда әкімі Алтай Көлгінов.
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, бүгінде астанада күніне 5 мыңнан аса адам екпе салдырып жатыр. Қазірге дейін 55 мыңдай азамат вакцинаның бірінші компонентін алған. Мұндай қарқынмен мамырдың басына қарай екпе алғандар саны шамамен 70 мыңға жетеді.
Өзге де егу пунктеріндегідей, «Хан Шатыр» орталығында вакцина салғызам деушілер әуелі бірқатар медициналық тексерістен өтеді.
«Пациенттің қан қысымы мен температурасын өлшейміз. Қандай да бір созылмалы ауруы немесе екпеге аллергиясы бар ма – соны анықтаймыз. Бәрі қалыпты болған жағдайда ғана вакциналау бөлмесіне жібереміз. Қазір мұнда екі дәрігерлік бригада жұмыс істеп жатыр. Бүгін 150-дей адамға екпе салынады деп жоспарлануда», – деді №7 қалалық емхананың бас дәрігері Айгүл Қуанышева.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтандағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында да, сауда және ойын-сауық орталықтарында да елордалықтар ғана емес, республиканың кез келген тұрғыны екпе салдыра алады.
Ботагөз Икрамова