Болашақта судың бағасы қымбаттайды – «Астана су арнасы» орталық зертханасының бастығы
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Болашақта судың бағасы қымбаттайды – «Астана су арнасы» орталық зертханасының бастығы](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111719136320312.webp)
– Зертхана жапон мен немістің заманауи технологияларымен жабдықталған. Мамандар қалаға беріліп жатқан судың құрамына талдау жасап, микробиологиялық, вирусологиялық, химиялық құрамдарын, сапасын тіпті әр сағат сайын тексеріп отырады. Халықаралық стандарт бойынша аккредитациядан өткен зертхана тек елорда ғана емес, басқа да өңірлердің суына талдау жасауға қауқарлы.
– Пандемияның сіздердің жұмыстарыңызға қандай да бір әсері болды ма?
– Жоқ. Вирус ауа арқылы таралатындықтан, суға ешқандай әсері болған жоқ. Дегенмен санитарлық талапты қатаң сақтап, апта сайын тексеріліп, сынама алынып отырады.
– Ғалымдар болашақта судың жер бетіндегі ең қымбат қажеттіліктің біріне айналауы мүмкін екенін айтады. Бұған не дейсіз?
– Әзірге біздің тарапымыздан суды қымбаттату жоспарда жоқ. Бірақ қазіргі күнде таза суды табу өте қиын. Мысалы, дүкендердегі фильтр аппараттары ешкімнің бақылауында емес. Аппараттан алынған судың құрамында не бар екенін де ешкім білмейді. Сондықтан табиғи жақсы су келешекте, әрине, қымбат болады. Елімізде халық саны да жыл санап көбейіп келеді. Сол себепті суға деген сұраныстың да арта түсетіні анық.
Шетелдерде жуынуға тек техникалық су жіберілсе, біздегі жуынатын су да тазалаудан өтіп барып жіберіледі. Оның бәрі, әлбетте, қымбатқа түседі. Мәселен, оксихлоридтің бір тоннасының өзі 300-400 мың теңге болса, біз күніне оның бір тоннасын қолданамыз. Ас тұзы да өте қымбат. Сондықтан қаланы таза сумен қамтамасыз ету үшін көп қаржы жұмсалады. Алдағы уақытта технологияларды жаңартып, осы заманауи технологиялармен жұмыс істеуге үйрету мақсатында мамандарымызды шетелдерге жіберу үшін қазіргіден де көп қаржы қажет болады. Сол кезде судың бағасы бәрібір қымбаттайтыны сөзсіз.
– Суды үнемдеу үшін не істеу керек?
– Суды, әлбетте, үнемдеп қолдану керек. Ол үшін қаладағы су бөлетін мұнараларды, яғни колонкаларды азайту қажет. Өйткені жекеменшік сектор тұрғындары үнемі құты, шелек сияқты түрлі үлкен ыдыстарды суға толтырып, тегін алып кетеді. Қаланың шеткі аудандарында тіпті жаз айларында кейбір адамдар кілем, енді бірі көлігін жуып жатады. Қараусыз тұрғандықтан, көл-көсір су далаға ағып жатыр. Егер осындай колонкалардың саны азайса, судың тазалығы да жақсарады. Себебі жер үйдегілер бау-бақшасын суаратын болса, оның бойындағы микробтар колонка арқылы суға түседі. Сондықтан сол жерлерді жаз айларында хлорлап, тазартуға тура келеді. Оның бәрі – үлкен шығын. 2008-2009 жылдары ондай колонкалар саны 800-ге дейін жетті. Қазіргі уақытта олар 210-ға азайды. Жекеменшік сектор тұрғындары суды үйлерінің ішіне орнатып жатыр. Соның арқасында колонкалар саны азайып келеді.
– Елордалықтар тәулігіне қанша тонна су тұтынады?
– Астаналықтар тәулігіне шамамен 280 тонна су қолданады. Дәл қазіргі уақытта тіпті 285 тоннаға дейін қолданылып жүр.
– Жалпы, жылдың қай мезгілінде су көп қолданылады?
– Су мөлшері көп жұмсалатын уақыт – мамыр, маусым, шілде айлары. Бұл уақытта жекеменшік секторлардағы үйлер бау-бақшаларын суарады, көлік жуу орындары да суды көп қолданады. Сол кезде өте көп мөлшерде кететіндіктен, біздегі екі су сорғыш та 100 пайыз жұмыс істейді. Қалаға берілетін судың бәрі су сорғыштар арқылы өтетіндіктен, көктем-жаз айларында электр энергиясы да көп жұмсалады. Бұл үдеріс 15 тамыздан кейін ғана біраз саябырлайды. Ал қыстың күндері қордағы су да, электр энергиясы да біршама үнемделеді.
– Қалада су тапшылығы сезілген кездер болды ма?
– Есіл өзенінің жоғары жағынан келетін су мен «Астана» («Вячеславка») су қоймасының және жаңбырдың, қардың суы қосылып, «Астана су арнасының» су қоймасы толықтырылып отырады. Тек 2013 жылы ғана қалада судың тапшылығы болды. Одан бері жаңбыр да, қар да көп жауды. Бүгінде су қоры жеткілікті. 450 млн текше метрді құрайтын кәсіпорынның су қоймасы қазіргі уақытта толып тұр.
– Ал судың сапасына қатысты тұрғындар тарапынан шағым түсіп тұра ма?
– Тұрғын үйлердегі құбырлардың да су сапасының өзгеруіне айтарлықтай әсері бар. Мысалы, судың сарғайып кеткені жайлы Сарыарқа ауданының тұрғындарынан шағым түсіп жатады. Бірақ ондағы ескі үйлердің көбінде бұрынғы темір құбырлар таттанып кеткендіктен, судың лайлығы көтеріледі. Ал Есіл ауданындағы тұрғын үйлердің дені жаңа болғандықтан, ондай мәселелер әзірге болған жоқ.
– Кейінгі уақытта бұрынғы жылдармен салыстырғанда үйдегі ауыз судан хлордың дәмі сезілмейтін болды. Ол үшін қандай шара қолдандыңыздар?
– Иә, 2015 жылдан бастап жаңа реагенттер қолданылады. Мысалы, оксихлорид алюминий Ресейдің зауытында дайындалады. Оны пайдаланған кезде судың лайлылығын жою реакциясы тез жүреді. Жұмыс үдерісін одан да жылдамдата түсу үшін қосымша флакулянт реагентін қосамыз. Сонымен қатар немістің реагентін де пайдаланамыз. Ал тұзды Беларусь елінен алдырамыз. Ол – өте таза тұз. Сондай-ақ бұрын суды залалсыздандырғанда газ тәрізді сұйық хлор қолданылса, 2016 жылдың 15 мамырынан бастап оны гипохлорид натрийға ауыстырдық. Себебі насоссүзгіш станса тура қаланың ортасында орналасқандықтан, газ құбыры өте қауіпті. Оған дейін жұртшылықтан «судан хлордың дәмі шығып тұр» деген шағымдар жиі түсуші еді. Қазір ондай шағым жоқ. Өйткені гипохлорид натрий қоспасының газ хлорға қарағанда белсенділігі баяу болғандықтан, оның адам ағзасына да зияны жоқ. Гипохлорид натрий өте таза, одан хлордың иісі шықпайды.
Айта кету керек, көктемдегі сел жүру кезінде судың лайлылығы 70-80 пайызға дейін жетеді. Суды қалаға тазалап тарату үшін көп мөлшердегі реагенттер жұмсалады.
– Сұхбтыңызға рақмет!