Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет әлеуметтік жобалар форумы өтеді
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет әлеуметтік жобалар форумы өтеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211184681411344.webp)
Форум онлайн түрде 22-23 сәуірде өтеді. Әлеуметтік идеялар жәрмеңкесі аясында 17 ірі қала мен аймақтан келген 200-ден астам ұсыныстың арасынан комиссия іріктеп алған 50 жоба таныстырылады. Озық шыққан жобалар 23 ақпанда Форум кезінде аталып, идеяны жүзеге асыру немесе ары қарай жетілдіру үшін Нұрсұлтан Назарбаев Қорының гранты беріледі. «Форум қатысушылары мемлекет, бизнес және азаматтық қоғамның тұрақты дамуға қол жеткізу, экологиялық мәселелерді шешу, әлеуметтік салаға жауапты бизнес жүргізу және басқа да өзекті мәселелерді қозғайды. Форум жұмысы аясында басты назар - бірлескен бастамалар, серіктестік жобалары және ықтимал ынтымақтастықтың басты бағыттарын іздеуге беріледі», деп көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев Қорының баспасөз қызметі. Форумға қазақстандық және халықаралық спикерлер – КЕҰ, мемлекетік және коммерциялық құрылымдардың өкілдері, кәсіпкерлер мен меценаттар, қоғам қайраткерлері, бренд-көшбасшылар, халықаралық және қайырымдылық ұйымдар, азаматтық белсенділер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысады. Олардың арасында Нұрсұлтан Назарбаев Қорының директоры Дариға Назарбаева, ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, БҰҰ Қазақстандағы Дамыту бағдарламасының Тұрақты өкілі Якуп Бериш, Eurasian Resources Group Директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов және басқалар бар. Іс-шараның ұйымдастырушысы – Нұрсұлтан Назарбаев Қоры қоғамдық маңызы бар айрықша өткір мәселелерді талқылау мақсатында әр бағыттағы ұйымдардың басын қосуға қатысты бастаманы қолға алды.