Қазақстанда қайта өңдеу саласына 10 млрд теңге қаржы бөлінеді
Жүйеде төлем жасаудың реті субсидиялауға берілген өтінімдер негізінде жүзеге асырылады. Ecoqolday бағдарламасы кәдеге жаратуға жиналған және тасымалданған макулатура, пластик, шыны қалдықтары үшін өтемақы төлемінің мөлшерін автоматты түрде есептейді. «ӨКМ Операторы» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, қайталама шикізаттың 1 тоннасы үшін қосымша құн салыған қосқанда шыныға – 22 344 теңге, пластикалық қаптамаға – 26 399 теңге, қағаз/картон – 16 977 теңге көлемінде ақшалай төлем беріледі. Сондай-ақ ӨКМ Операторы қаптама қалдықтарын тасымалдау шығындарын қашықтығына байланысты ішінара субсидиялауды жүзеге асырады. Бүгінде Ecoqolday жүйесінде 222 қатысушы тіркелген. Атап айтқанда, қайталама шикізатты жинауды жүзеге асыратын 74 кәсіпорын, 22 кәдеге жаратушы зауыт және 126 көлік компаниясы қатысуда. Цифрлық модельге көшу макулатураның, полимер өнімдері мен шыны қалдықтарының сатып алу құнын арттыруға мүмкіндік берді. «Шикізат құны қазір картон-қағаз 40-85 теңге/кг шегінде, шыны 22-28 теңге/кг, пластмасса 80-180 теңге/кг шегінде өзгеріп отыр. Қаптама қалдықтарын жинаушылар шикізатты кәдеге жаратушыларға тапсырғаннан кейін «ЕсoQoldaý» жүйесінде бірден қаржыландыруға өтінім беруге мүмкіндігі бар. 2021 жылдан бастап ӨКМ Операторы өтемақы төлемдерін беру рәсімін жеңілдетті. Жаңа модель қаптама қалдықтарын жинау, тасымалдау және қайта өңдеу жөніндегі жұмыс қағидаттарын өзгертуді көздейді. ЕсoQoldaý жобасы – қайта өңделетін қаптама қалдықтарын (макулатура, пластик, шыны) жинау, оларды тасымалдау жəне кəдеге жарату бағытында жұмыс істеп жүрген кəсіпкерлер үшін жəне осы салада өз бизнесін бастағысы келетіндерге арналған платформа», - дейді ӨКМ Операторынан. Осы жылы 230 мың тонна көлеміндегі қайталама шикізатты жинау, қайта өңдеу, тасымалдау және кәдеге жарату көзделген. ӨКМ Операторы биыл осы бағыттағы жұмыстарды қаржыландыруға шамамен 10 млрд теңге бөлуді жоспарлап отырғанын айтады мамандар.