Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері теміржол көлігімен тегін жүретін болады
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері теміржол көлігімен тегін жүретін болады](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111846119725616.webp)
Шара «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бастамашылық ете отырып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Науқан шарттарына сәйкес, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері арасында барлық бағыттар бойынша тегін жол жүре алады. ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне барлық санаттағы пойыздардың купе вагондарында, оның ішінде «Турист» класты вагондарда және «Talgo» компаниясының пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған купелерде орындар бөлінеді.
Тегін жол жүру науқаны тұрақты негізде өткізіледі. Осы науқан бойынша билеттерді ресімдеу үшін билет кассасына жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және Ұлы Отан соғысы ардагерінің немесе тыл еңбеккерінің куәлігін ұсыну қажет. ТМД елдеріне билет алар кезде тегін жол жүру құжаттары (билеттер) тек Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сату пункттерінде ресімделеді.
«Ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл сайын азайып келе жатыр. Сондықтан биыл біз барлық жастағы тыл еңбеккерлеріне арналған науқанды кеңейттік. 2021 жылғы 1-31 мамыр аралығында олар Қазақстан мен ТМД-ның барлық бағыттары бойынша теміржол билеттерін тегін қол жеткізе алады. 1935 жылдың 31 желтоқсанына дейін туылған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері үшін аталмыш науқан жыл бойы әрекет етеді», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Корпоративтік қызметінің басшысы Мирас Іргебаев.
Айта кетейік, «Жеңіс» жобасы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жүйелі көмек пен әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясында еріктілер қарт адамдарға үй шаруашылығында көмектеседі: олар үйді және ауланы тазалап, ұсақ жөндеу жұмыстарын жүргізеді, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алады, олармен уақыт өткізеді және т.б. Жоба жұмысының 5 жылы ішінде ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне 10 000-нан астам волонтерлік рейд жүргізілді.
Бүгінгі таңда жоба Қазақстанның 35 аймағында жүзеге асырылуда.