Қазақстандық дизайнер Мәрия Әбдімәжіт өз топтамасын түрік жұртына таныстырды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Қазақстандық дизайнер Мәрия Әбдімәжіт өз топтамасын түрік жұртына таныстырды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/17211185482626915.webp)
Дефилеге Анкарада тұрып жатқан қандастарымыз да қатысты. Фестивальде Қазақстанның сән саласындағы трендтері мен мүмкіндіктері де айтылды. «Hafiza Collection” брендінің жаңа топтамасы Анкаралық ханымдар тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.
«Түркия мен Қазақстан арасындағы сән индустриясы саласындағы ынтымақтыстықты дамытуға аз да болса, үлесімді қоссам мен үшін үлкен бақыт», - дейді дизайнер.
Айта кетсек, Мәрия Әбдімәжіт 1992 жылдан бері Қазақстанның сән индустриясында төл коллекциясын танытып келеді. Ол өзінің алғашқы киім үлгілерін бала кезінде анасының тігін бөлмесіндегі қалдық маталардан жасап бастаған. Дизайнер үшін анасы – оның шабыты, сән иконасы. Қазақтың ұлттық нақышы бар киім үлгілерін бірқатар елдерде өткен этно-фестивальдерде көрсетілімге шығарды.
2021 жылы Мәрия Әбдімәжіт анасының есімінің құрметіне «Hafiza Collection” брендін құрды. Туындылары дәстүрлі және заманауи нақыштағы өнермен безендірілген.
Сән әлемінде соңғы жылдары ұлттық нақыштағы киімдерге қызығушылық арта түскенін айта кету керек. Дизайнердің сөзінше, бүгінде ұлттық нақыштағы заман талабына сай көйлектер тек Қазақстанда ғана емес, шетелдерде де сұранысқа ие.