Балаларға арналған баламасы жоқ мобильді қосымша іске қосылды
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Балаларға арналған баламасы жоқ мобильді қосымша іске қосылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172111856040013937.webp)
Әлемді пандемия жайлап, қашықтан білім берудің маңыздылығы арта түскенмен, алыс-жақын ауылдардағы, қала сыртындағы елдімекендерде интернет сапасы нашарлап, компьютер тапшылығының туындағаны да жасырын емес. Бұл ретте ISEN қосымшасының құрастырушысы, аталған жобаның бас директоры Нұр Құтты осы мәселені негізге ала отырып, компьютермен емес, қарапайым ұялы телефон арқылы білім алу мүмкіндігін қарастырды. Яғни балаларға оқытылатын курстардың ең бастысы қолжетімді, түсінікті, қабылдауға оңай болуына баса мән берді.
Нұр Құтты бұл ұялы қосымшаны ойлап табуға баласының ағылшын курсын уақтылы төлей алмай, қиналған ана жағдайы себеп болғанын айтады.
«Жалпы, қосымша білім беру бағасы Қазақстанда арзан емес, он мың теңгеден басталып, әрі қарай шарықтай береді. «Осы курстарды неге тегін бермеске?» деген ой келді. Біздің ешқандай теріс пиғылымыз жоқ, жасырын төлемдер де болмайтынын сеніммен айта аламын. Тек адамдар қосымшамызды жүктеп, өз игіліктеріне пайдаланса, тегін білім алса болғаны», – деді Нұр Құтты.
Бұл ауқымды жобаны іске асыруда АҚШ сияқты алпауыт елдермен кеңес жүргізілген. Мысалы, WhatsApp мессенджері жүйелі жұмыс атқаруы үшін онда мыңнан аса бағдарламашы жұмыс істейді. Ал аталған бағдарламада мессенджер де, гео-локация, мұғалімдерге арналған чат, оқыту жүйесі мен ілеспе аударма сынды көптеген қызмет түрі қарастырылыпты. Жақында инстаграм бетіне ұқсас, кішкентай бүлдіршіндерге икемделген жаңалықтар лентасы қосылған. Онда қатаң цензура орнатылған, яғни балалар ересектерге арналған контентті жариялай алмайды. Балаларға арналып жасалған қосымша болғандықтан, барлығы қатаң тексерілетінін айтады жоба құрастырушылары.
«Біз бұл қосымшаны екі жылдай дайындадық. Жалпы бағдарламаны жазуға кеткен шығын көлемі – 1 миллион доллар. Жобаға көптеген адамдар жұмылдырылды, шет елден де мамандар тартылды. Мысалы, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Ресей мемлекеттерінің бағдарламашылары отандық мамандармен қатар жұмыс істейді. Қазір менде аутсорсингте 16-ға жуық бағдарламашы жұмыс істейді», – деді инженер-өнертапқыш.
Оның айтуынша, видео-сабақтардың барлығы Алматы қаласындағы студияда кәсіби операторлармен түсіріледі. Дайын материалдарды монтаждау жұмыстары да сонда жүргізіледі. Қазір оншақты курс іске қосылған. Алдағы уақытта олардың саны арта бермек. Қазір жоба ұйымдастырушылары қазақша контентке басымдық беріп отырғандарын айтады.
Бағдарлама көптеген тілдергі аударылған. Мысалы, испан, ағылшын, орыс, өзбек, қазақ тілінде жұмыс істейді.
«Өзбек тілі де қосылмақ, себебі ондағы халық саны бізбен салыстырғанда екі есе көп. Болашақта қосымшаны әлемнің барлық тілдеріне аудару жоспарда екен. Себебі, Google Play мен App Store әлемнің кез келген елінде бағдарламаны орнатуға рұқсат беріп отыр. Артықшылықтары мен ерекшеліктеріне тоқталсақ, алдымен қосымша тек балалардың білім алып, өзара араласуы үшін ғана емес, ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге, ата-аналардың бала өмірінен қалыс қалмауына көмектесетін құрал екенін түсіну керек. Әрқайсына жеке-жеке тоқталсақ, бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – әлемде баламасы жоқ алғашқы балалар әлеуметтік желісі. Шет тілін үйренуге ниет білдірген бүлдіршіндерге ағылшын курстарынан бөлек, ілеспе аударма функциясы қосылған. Жеке чатта кез келген тілде хабарлама жіберуге, шет тілде сөйлейтін адамнан өзі таңдаған тілде хабарлама алуға мүмкіндік бар. Кез келген тілді осылай күнделікті өмірде пайдалану арқылы ғана толық меңгеруге болады», - деді жоба жетекшісі.
Сонымен қатар Нұр Құтты қосымшаның халықаралық деңгейде мойындалуын қамтамасыз ету үшін UNICEF-ке өтініш білдірген екен. Олардың басты талабы – әлеуметтік желінің болашақта ақылы платформаға айналмауы.
«UNICEF жақында ғана бізді бизнес-серіктестер қатарына қосқандарын хабарлады. Astana Hub реестріне енгізгендерін айтты. Бізде оқыту тегін болатынын тағы да айтамыз. Көптеген ақылы компьютер арқылы қосылатын веб-платформалар жеткілікті. Алайда біз білетіндей, барлығында компьютер бола бермейді. Халықаралық ұйымдардың мойындауы қанша уақытты алатынын сұрағанда, олар бұл бір айда шешіле қоятын жұмыс емес екенін жеткізді», – деді бас директор.
Оның сөзінше, мұндай халықаралық ұйымдардың тағы бір талабы – білікті, кәсіби мамандардың ғана білім беруі және оқытылатын пәндердің мемлекеттік талаптарға сай болуы. Нұр Құтты барлық ұстаздардың тізімі мен түйіндемелерін тексеруге жібергендерін айтады.
«Араб тілін Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің кафедра меңгерушісі оқытады. Ағылшын тілін Шет тілдер институтын тәмамдаған, АҚШ елшілігінде қызмет еткен кәсіби ұстаз үйретеді. Шахматтан беретін ұстаз – спорт шеберіне үміткер, лецензиясы бар. Веб-дизайннан сабақ беретін ұстаз – жоғары білікті маман. Оның дизайнерлік курстары 240 доллардан жоғары тұрады. Бағдарламалауды үйрететін жігіттер жас болғанымен, тәжірбиесі мол адамдар. Олар Ақпараттық технолгиялар институтын тәмамдаған, оқыту құқығы бар түлектер», – деп түсіндірді Нұр Құтты.
Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл бағдарламаның тағы бір артықшылығы – мұғалімдерге арналған чат қарастырылған. Онда ұстаздар оқушының оқу үлгерімін бағалай алады. Мысалы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі және сынып жетекшісі оқушыларды топтың ұйымдастырушысы ретінде чатқа қосады. Оның сабағының уақыты келгенде чатқа «Кім сабақта бар?» атты сауалнама жібереді. Олар бес минут ішінде жауап беруі тиіс. Жауап бермеген бала қызылмен белгіленеді, яғни сабаққа қатыспады деген сөз. Сол жерде кейін балаларды жұлдызшалармен бағалауға болады.
«Біздің қосымшаны үш мектеп пайдаланып көрді. Үшеуі де мұндай жүйенің ыңғайлы екенін айтып отыр. Ватсапп мессенджеріндегідей түсініспеушіліктер жоқ дейді. Мұғалім балаларға ең көп дегенде бес балл қоя алады, балаға 400 балл жүктеледі. Бір балл бір теңгеге тең. Оқушылар білімімен тапқан балдарын тамақтану орындарында, сауда дүкендерінде пайдалана алады. Қазір біз серіктес дүкендер санын арттырып жатырмыз», – деді Нұр Құтты.
Сондай-ақ Нұр Құтты болашақта гео-локация функциясының толықтай іске қосылатынын атап өтті. Сол арқылы ата-аналар баласының жүрген жолын карта арқылы бақылап отыра алады. Одан бөлек, қосымшаға тіркелуге ата-ана рұқсат беретіндіктен, оның оқу үлгерімін, бағдарламаны уақтылы өтуін де қадағалауға мүмкіндігі болады. Сол сияқты әлеуметтік желі болғандықтан, жеке чатта өзара ақпарат алмасады. Ата-аналар балаларының кіммен сөйлесіп жүргенін бақылап, хабарламаларды оқи алады. Мұның барлығы демократиялық көзқарастарға қайшы келмей, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалып отырғанын айтады жоба жасаушылар.
«Болашақта мүгедектер қатарындағы балаларға көмектесу жолдарын, білім беру тәсілдерін тыңғылықты ойластырудамыз. Ең басында біз осы қосымшаны сондай балаларға арнап жасауды жоспарлағанбыз. Анықтамасы бар балаларға ғана тегін білім береміз деп ойладық. Кейін барлығына мүмкіндік беру керек деп шештік. Әзірге бізде сурдоаударма, субтитрлер жоқ. Барлығы уақыттың еншісінде. Мұндай балаларға арнайы веб нұсқаны ұсынамыз деген ойымыз бар», – деді Нұр Құтты.