Елорда әкімі құрылысы ұзаққа созылған бірнеше үйдің жұмысымен танысты
Елорда әкімі Алтай Көлгінов құрылысы ұзаққа созылған бірнеше үйдің жұмысымен танысты. Бұл туралы қала әкімі Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Елорда Инфо. «Бүгін жұмыс уақыты басталғанға дейін құрылысы ұзаққа созылған бірнеше нысанда болып, атқарылып жатқан жұмыс барысымен таныстым. «Мирный дом» тұрғын үй кешені 2013 жылдан бері, ал «Акерке-2» 2014 жылдан бері проблемалы нысан қатарында. Сонымен қатар «Баспана Көктал» тұрғын үй кешеніне қарасты үйдің құрылыс басында да болдым. Бұл үйдің іргетасы 2015 жылы қаланған. Аталған тұрғын үйлердің құрылысына қажетті қаражат мәселесі шешілген. Енді жүздеген құрылысшы жұмыс істеп жатқан нысандардың құрылысын уақтылы әрі сапалы аяқтау мәселесі қалды. Құрылыс компаниясына осы мәселені жіті қадағалау қажет. Себебі осы үш үйдің өзінде мыңға жуық үлескер бар. Сондықтан біз де назарымыздан тыс қалдырмаймыз», - деп жазды А.Көлгінов. [caption id="attachment_28329" align="alignnone" width="768"] Фото: Александр Куприенко/Elorda Aqparat[/caption] Өткен жылы үлескерлерге тиесілі 10 тұрғын пайдалануға берілсе, биыл 20 көппәтерлі тұрғын үй кешенін салып, тапсыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде 8 мыңға жуық үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік береді.