«Жасыл ел» жобасы бойынша мыңға жуық адам жұмысқа орналасты
«Жасыл ел» еңбек жасақтары қала маңындағы «жасыл белдеуде» ағаштардың күтімімен айналысуда, деп хабарлайды Елорда Инфо. Нұр-Сұлтан қалалық «Жасыл ел» штабы XVI еңбек маусымын ағымдағы жылдың 20 мамырынан өз жұмысын бастады. Маусым айында «Астана орманы» ЖШС-не жұмыссыз және NEET санатындағы 94 жас, шілде айында 126 жас жұмысқа орналастырылды. Бұл мекемеде жастар қала маңындағы «жасыл белдеуде» (оның 11 502,2 гектарына екпе ағаштар отырғызылған аумағында) және қала аумағында еңбек етіп, олар 275 350 дана талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, (сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, кәдімгі қарағай, көде, боз жиде, терек) ағаштары мен көшеттерге күтім жасау жұмыстары арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына өз үлестерін қосып келеді. «Астана Орманы» ЖШС мекемесінде еңбек етіп жүрген жастар 90 мың теңге жалақыға қоса «Жасыл ел» жобасынан арнайы бөлінген 35 394 теңге сыйақыға ие болып өз еңбектерін жалғастыруда. Маусым айының қорытындысы бойынша «Жасыл ел» жобасы аясында жалпы 961 жас жұмысқа орналастырылды.