Елордада күн сайын 2 500 – 5 000 тест тапсырылады – Көлгінов

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада күн сайын 2 500 – 5 000 тест тапсырылады – Көлгінов
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов коронавирус инфекциясын анықтайтын тестті соңғы уақытта қанша адам тапсырғаны туралы сауалға жауап берді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Бәрі тест тапсыруға түсетін өтінішке байланысты. Коронавирустың өршіп тұрған шағында 4 900 – 5 000-ға тарта тест тапсырылды. Қазір күніне 2 500-ден басталып, 4 500 – 5 000-ға дейін жетеді. Соңғы 2-3 күнде жүктеме азайды. Бірақ бұған қарамастан лаборатория санын арттырып, дәрігерлерімізді үйретіп жатырмыз. Біз бұдан да көп жағдайға дайын болуымыз керек», - дейді А.Көлгінов. Әкім карантин басындағы және қазіргі лаборатория саны туралы мәлімет келтіріп өтті. «Біз қосымша лабораториялар сатып алдық. Карантин басында бір ғана лабораториямен жұмыс істеген болсақ, қазір олардың саны 8-ге жетті. Ары қарай да арттыра береміз. Бізге мемлекеттен бөлек, меценаттар, Б.Өтемұратұлы қоры көмектесті. Сол сияқты «Самұрық-Қазына» қосымша лаборатория сатып алуға жәрдем беріп жатыр. Карантин басында 300 тест қабылдаған болатынбыз. Ол кезде көршілес өңірлердің көмегіне жүгінгенбіз. Себебі, жүктеме көп болатын. Қазір тәулігіне 5 000 тест қабылдап жатырмыз. Бұл көрсеткішті ары қарай да арттыра береміз», - деді әкім. Айта кетейік, шаһар әкімі осыған дейін коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарға арналған 1 000-нан астам аппаратқа тапсырыс берілгенін хабарлаған болатын.