Елордада коронавирусты емдеу үшін 12 аурухана жұмылдырылды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордада коронавирусты емдеу үшін 12 аурухана жұмылдырылды
ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова науқастар санының артуына байланысты ауруханалардағы төсек орнының саны да көбейтілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Пневмониямен ауыратындардың саны күніне 600-ге дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін ғана болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылағаны байқалып отыр. 12 маусымнан бастап Нұр-Сұлтан қаласының медициналық ұйымдардың төсек қорын қайта құруға байланысты жұқпалы және провизорлық ауруханалардағы төсек орнының саны 1 351 орынға ұлғайтылды. Тек қана соңғы 3 күнде қосымша 830 төсек орны ашылды. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы да 200 инфекциялық төсек ашылады», - дейді басқарма басшысы. Ол өз сөзінде қазір қанша аурухана жұмылдырылғанын жеткізді. «Сонымен бүгінгі күні коронавирус инфекциясымен күресуге 3 135 төсек орны, 12 денсаулық сақтау ұйымдары жұмылдырылды. Бұл қаладағы төсек орнының 54 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79 пайызды құрайды», - дейді С.Қисықова.