Нұр-Сұлтанда мүгедек жандарды «аяғынан тік тұрғызатын» орталық бар

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Нұр-Сұлтанда мүгедек жандарды «аяғынан тік тұрғызатын» орталық бар
ашық дереккөз

Адам мүмкіндігі шексіз ғой, ақылға сия қоюы қиын екі түрлі жағдай: бірі – ол әлеуметтік кәсіпкер, екіншісі – мүгедек. Өмірінің тең жартысын арбаның үстінде өткізіп келеді. Осыдан 18 жыл бұрын бассейнге түсіп жүріп, жазатайым мойын омыртқасын зақымдап алыпты. Содан аяқ-қолдан жан кетіп, мүгедектер арбасына таңылған. Көзі көріп, көңілі сенген аурухананың бәрінде ем алуға тырысты. Бүгінге дейін 9 мәрте ота жасатқан екен, алайда көмек болар күн әлі де күттірумен келеді. Десе де тағдырдың салған ісіне болаттай бекініп, бүгінде өзі ашқан орталықта мүмкіндігі шектеулі жандарға қол ұшын созып отыр. Азаматтық парызынан жаңылмаған Ерлан Әділбеков «Start» спорттық-оңалту орталығына жетекшілік етеді. Жақында Елорда Инфо редакциясы арнайы барып, жұмыс барысымен танысып шықты.

Орталықта қандай емдеу шаралары жасалады

«Start» орталығында науқастар емдік дене шынықтырумен (жұрт арасында ЛФК деген атаумен белгілі), массаж қабылдап, ешкімнің көмегінсіз ұсақ маторикамен айналысады. Жақын уақытта елатерапия, физиотерапия секілді оңалту шараларының өзге де түрлерін қосу жоспарланып отыр. «Бұл орталықты ашуымның негізгі мақсаты – өзім секілді жандарға көмектесу. Дәрігер қоймай сарылып, емделудің қыр-сырын меңгердім. Көп әрекеттенудің арқасында қолым икемге келді. Бұлшықеттерім де біртіндеп қалпына келіп жатыр. Ауруханаларда жатқанымда инсульт алып, денесінің бір бөлігі істемей, қарға адым жер мұң болған жандарды көп кездестірдім, ол кісілерге қандай жаттығу керек екенін шамалап білетінмін. Міне, осыдан барып «Start» оңалту орталығын ашу туралы ой келді», – деп мекеме басшысы сөзін бастады. [caption id="attachment_21130" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Мүмкіндігі шектеулі жандар емделу жолында қандай қиындықтарға тап болады? Ерлан мырза бұл мәселені былайша жеткізді: «Мен жарақат алған жылдары «емдік дене шынықтыру» деген тәсіл елімізге енді-енді келіп жатқан болатын. Қазіргімен салыстырғанда медицинаның балаң шағы, сондықтан біз одан хабарсыз едік. Оның үстіне мамандар да жоқтың қасы. Ал ауруханада укол, система салған соң қайтарып жіберетін. Асып кетсе физиотерапияға жолдама береді, сонымен шектелетінбіз. Бірақ бұл адамның емделіп кетуі үшін аздық етеді», – дейді Ерлан Әділбеков. [caption id="attachment_21131" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Он екі мүшесі сау адамның аяқастынан жарақат алып, арбаға таңылуы басқаны былай қойғанда психологиясына да оңай тимейтіні белгілі. Дене жарақаты қосымша жанға батқанда, қос соққы анау-мынау адамды есеңгіретіп тастайды. Мұндай шақта тез ес жиып, дереу ем-домға кіріспесе нәтижесі ауыр болатынын біреу білсе, біреу білмейді. «Мүгедек болып ауруханаға түскен талай жасты кездестірдім. "Енді аяғымнан тік тұра аламын ба, бұрынғы қалпыма қашан келемін, мәңгі-бақи арбада отырамын ба?" деп күйзеліске берілгеніне де сан мәрте куә болдым. Ал бізге келгендерге алдымен психологиялық көмек көрсетеміз. Олармен әңгімелесіп, жазылып кетуге, өмір сүруге деген құлшынысын арттыруға тырысамын. Қазір мүгедек болып та оқу оқып, жұмыс істеуге, өз кәсібіңді дөңгелетуге, спортпен кәсіби түрде шұғылдануға дейін жағдай жасалған. Соның бәрін түсіндіремін», – деп орталықтың алғашқы көмегінен хабардар етті. [caption id="attachment_21157" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption]

1 айға – 120 мың теңге

«Start» орталығының бір ерекшелігі – бағасы қаланың өзге орталықтарымен салыстырғанда әлдеқайда қолжетімді. Бір адамға айына – 120 мың теңге. [caption id="attachment_21158" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] «Шынымды айтсам, бұл орталық қаржылай пайда табу көзі ретінде тиімді емес. Ғимараттың жалға алу құны, қызметкерлердің жалақысы бар. Кейде өз шығынын өзі өтей алмайды. Негізі о баста оңалту орталығын ашқанда пайда табайын деген ниетім де болған емес. Жұртқа көмегі тиіп жатқанын көрген соң орталықты жабу туралы ойлағым да келмейді. Өзім тендермен айналысқандықтан артық ақшам қалып жатса, осы жобаға жұмсаймын. Бағасы өзгелермен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мысалға бір ғана нұсқаушыны үйге шақырар болса, сағатына 8 мың теңге алады. 30 күнде 240 мың теңге. Ал бізде екі есе арзан – 120 мың теңге. Күніне екі уақыт (әрқайсысы 1,5-2 сағаттан) емдеу шаралары қолданылады. Бұған қоса массажы мен тренажері тағы бар», – деп ойымен бөлісті. Иә, емдеудің үш түрлі әдісі қолданылатын қаланың өзге орталықтарында бағаның қандай боларын елестетудің өзі қиын. [caption id="attachment_21134" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Қазір мұнда небәрі 7 адам ем алып жатыр. Карантиннің алдында 15-20 адамға дейін келіпті. «Адам көбірек болған кезде ақшасы да артығымен шығып жатады. Оны өз басыма жұмсамай, келесі айға сақтық үшін сақтап жүремін. Алдағы айда адам аз болып, қаржылай қиындық туса, өткен айда артылған қаржыны қосып, есебін шығарамын», – деп қиындықты қалай еңсеріп жүргенін түсіндіріп берді. [caption id="attachment_21142" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Ресми мәлімет бойынша елімізде 475 мың мүгедек кісі өмір сүреді. Бұл жалпы халықтың 3 пайызын құрайды. Олардың бәрінде бірдей нұсқаушы шақыртуға мүмкіндігі жетпесі анық. [caption id="attachment_21143" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Біз барған оңалту орталығы қаланың шетінде орналасқан екен. Мұның себебін сұрағанымызда былай деп тіл қатты: «Оның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қаланың шетінде орналасқандықтан ғимараттың жалға алу құны арзан. Егер қаланың ішінде орналассақ келіп-кетіп жүретін адам көп болар еді. Бірақ жалға алу құны өте қымбат. Дегенмен сыртта отырғанымыздың да жақсы жағы бар. Мұнда көлік аз, тып-тыныш. Қаланың қым-қуыт тірлігінен алыста. Кешке таман есік алдында самаурынымызды қойып, шайымызды ішуге болады. Бұдан бөлек, ғимараттың өзі өте ыңғайлы. Арбамен кіріп-шығуға да, ішінде жүруге де жағдай жасалған. Әр бөлменің ішінде жуынатын орны, дәретханасы бар. Мұндай қолайлы мекеме табу оңай емес», – дейді Ерлан.

«Отадан кейін үш ай дәрігердің назарында болуы керек»

Сөз басында айтылғандай, бұл жерде дімкәс жандар айлап жатады. Ақысының арзандығы өз алдына, адамның жазылып, аяғынан тік тұруы үшін біраз уақыт қажет. [caption id="attachment_21132" align="alignnone" width="900"] Фото Нұргүл Қоңырованың Facebook парақшасынан алынды[/caption] «Қаланың өзге оңалту орталықтарында отадан кейін емделу әдетте 1-2 аптаға, асып кетсе бір айға созылады. Бұл өте аз. Отадан кейін оңалу үшін кем дегенде үш ай дәрігерлердің назарында болу қажет. Ал емханаларда науқастардың көптігіне әрі мамандардың аздығына байланысты бір адамға жарты сағат қана ем-шара қолданылады. Ал мұнда әр адамға жеке-жеке көңіл бөлінеді. Жылдар бойы төсекте таңылып жатқан кісілер қазір аяғын қозғалта алатын күйге жетті», – дейді орталықтың дәрігері Нұргүл Қоңырова. [caption id="attachment_21144" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Гиппократ заңына адал абзал жандар мұнда жалақы үшін жүрмегенін, өзгелерге көмектесуден ләззат алатынын да жасырмады.

Емделіп жатқан жандардың пікірі қандай?

Мұнда тағдырдың сан түрлі қиындығын арқалап жүрген жандар аз емес. Ақыл-есі, дені сау жандардың бір-ақ сәтте мүгедек болып шығуы кімге болсын оңай соққы болмасы анық. Осындай жандардың бірі – Сарқыт Садыққызы. Орталыққа қалай келгенін, ем-домның нәтижесі жайлы былайша ой бөлісті: [caption id="attachment_21145" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/ELorda Aqparat[/caption] «2014 жылы екі рет инсульт алып, орнымнан тұра алмай қалдым. Қазір 1-топтың мүгедегімін. Ерлан баламмен Facebook арқылы танысып, Алматы қаласынан осында келдім. Инсульттан кейін оң қолымды жаза алмай, одан қала берді жүре алмай қиналып жүр едім. Қазір міне қолымды емін-еркін қозғап, балдаққа тұратын күйге жеттім. Небәрі 7 айда осындай нәтиже көріп отырмын. «Start» ашылғалы бері бірнеше адамның аяғынан тұрып кеткеніне куә болдым. Алты жылдан бері қозғалыссыз отыр едім, енді келер жылы жүріп кетемін деген үміт пайда болды. Ерлан балама, осындағы дәрігерлерге алғысым шексіз», – дейді. [caption id="attachment_21153" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Айта кетерлік бір жайт, бізде жылдар бойы аяқ-қолын қозғалта алмай жатқан жандардың ауруханаға тегін жатқызылуы мүмкін емес. Олардың бәрі осылай жеке орталықтарды жағалап, өлместің күнін көріп жүр. [caption id="attachment_21146" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] «Жасым 42-де. 2007 жылы жол апатына түсіп, омыртқама зақым келді. Содан аяғымды баса алмай, арбаға таңылып қалдым. Арада көп ұзамай, күйеуім екі кішкентай қызыммен тастап, бөлек отбасы құрып алды. Тәнімнің жарасына жанымның жарасы қосылып, өмірден баз кешіп кетуге шақ қалдым. Ата-анамның қолдауымен бойымды нықтадым, тірі адам тіршілігін жалғауы керек, 5 жыл отырған соң Қостанайдан Нұр-Сұлтанға көшіп келдім. Қазір 1-топтың мүгедегімін. Елордаға келген соң қалалық Оңалту орталығына барғанымда жаңа жарақат емес деп қабылдамай қойды. Содан үй жағдайында өзім жаттығу жасап, емделіп жүрдім. Былтыр Instagram арқылы Ерлан бауырымның орталығы жайлы естіп, бірден осында келдім. Мұнда нұсқаушылар әр адаммен жеке-жеке жұмыс істейді. Психологиялық көмегі өз алдына, ең бастысы, әр адамның өмір сүруге деген құштарлығын оятады. Жыл басында келген мен соңғы үш-төрт күнде аяғымнан тұрып, табанымды сезетін күйге жеттім», – деп Гүлмира Мырзатайқызы қуанышымен бөлісті. [caption id="attachment_21151" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Оның айтуынша, 1-топтағы мүгедектің көбі қозғалыссыз жатып қалып қатты қиналады. Салдарынан арқасын жара басып кетеді. Ал бұл кісілердің басты емі – дене шынықтырумен айналысу. «Биыл 24 жасқа келдім. Ақыл-есім орнында, денім сап-сау адам едім. 8 жасымда мектептен келе жатқанымда көлік қағып кетіп, бассүйек ми жарақатын алдым. Аяқ-қолым қозғалуға келмей, содан бері екі аяқты арбада отырмын. Денсаулық – әркімнің баға жетпес байлығы. Емделмеген жерім жоқ. Instagram арқылы Ерлан ағаның орталығын естіген бетте осында келдім. Бұл жерде емделіп жатқаныма үш ай болды. Небәрі үш ай ішінде қол-аяғым икемге келіп, тәуір болып қалдым. Одан бөлек бұлшық еттерім жиырылып, спастика деген ауру қатты қинайтын еді. Қазір одан да құтылдым. Осындай жетістіктерімнен кейін аяғымнан тік тұрып, бұрынғы қалпыма қайта келемін деген үміт пен сенім пайда болды», – деп Амандық есімді азамат өз ойымен бөлісті. [caption id="attachment_21149" align="alignnone" width="900"] Фото: Сұлтан Сейіт/Elorda Aqparat[/caption] Ерлан Әділбеков – тұрақты салығын төлеп келе жатқан кәсіпкер. Ал биылғы төтенше жағдай режиміне байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шағын және орта бизнес өкілдерін үш жылға дейін салықтан босату шешімі үлкен көмек болып отыр. Дегенмен жеке кәсіпкерлер де демеушілік жасап, бұл бастаманың өркендеп кетуіне үлес қосса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл орталықтың жұмысымен таныса келіп, Ерағаңның кәсібінің аяғынан тік тұруы мен мүгедек жандардың емделіп кетуі арасындағы сабақтастықты көргендей болдық...