Төртаяқтылар да қатаң заңмен қорғалуы мүмкін

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Төртаяқтылар да қатаң заңмен қорғалуы мүмкін
ашық дереккөз

Бүгінде елорда аумағында 2 109 үй жануары тіркелген. Соның ішінде жыл басынан бері 641 төртаяқты тіркеліпті. Оның 1 864-іне диагностикалық тексеріс жүргізілді, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. Үй жануарларын өте қауіпті аурулардан қорғау мақсатында ветеринарлық-профилактикалық зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте 6 ай ішінде 7 665 ит пен мысыққа вакцинация жасалыпты. Айта кетсек, қалалық әкімдікке қарасты «Астана-Ветсервис» мекемесінің 4 бригада күнделікті қаңғыбас төрт аяқтыларды ұстаумен айналысады. Мысалы, олар 6 ай ішінде 3 126 иесіз ит-мысықтарды құрықтаған. Оның 2 776-сы ит, 350-і мысық. Жалпы, қолға түскен төртаяқтылар «Астана-Ветсервис» мекемесіне қарасты қала сыртындағы үй жануарларының орталығына жеткізіліп, тексерістен өткізіледі. Ауруларына екпе егіліп, өлекселері арнайы пештерде өртеледі. Ал аурудан таза боп шыққандары үйшіктерге орналастырылады. Онда олар біраз уақыт орналастырылады. Мамандар фотоға түсіріп, әлеуметтік желілерге хабарландыруға шығарады. Егер иесі анықталса, үйлеріне жіберіледі. Болмаса мейірімді жандардың асырап алуына мүмкіндік беріледі. Мамандардың сөзінше, ит-мысықтарды жақсы көретін ерікті жандар үй жануарларының тұрағына жиі барып, өздері ұнататын төртаяқтыларды тамақтандырады. «Біздің мамандар аулайтын, яғни көше кезген ит пен мысықтың барлығын «қаңғыбас» деуге болмайды. Өйткені апатты үйлер мен жекеменшік секторлардағы тұрғындардың басқа аумаққа қоныс аударуына байланысты және басқа да себептермен асырап отырған үй жануарлары көбінесе иесіз қалып қояды. Бірақ олар қаңғыбас емес. Нағыз қаңғыбас төрт аяқтылар – күшік кезінен қоқыс жағалап, көше кезіп тағыланып кеткендер. Олардың психология­лары да әртүрлі болады, – дейді «Астана Ветсервис» ММК мамандары. Жалпы, азаматтардың арыздарына байланысты тұрғындарға үй жануарларын ауладан шығармау сияқты қатаң талаптар қойылып, тіпті айыппұлдар да салынып тұрады. Алайда енді жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін азаматтарға қылмыстық жауапкершілік енгізу қарастырылуда. Бұған әлеуметтік желілердегі үй жануарларын қорлаған бейнежазбалардың себеп болуы мүмкін. Парламент Мәжілісінің бір топ депутаттары әзірлеген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасын қоғамдық талқылау кезінде «Қазақстанда хайуанаттардың өліміне әкеп соқтырған әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу қажет» деген пікір білдірді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев. «Біз заңнаманы қатаңдатуымыз керек әрі Қылмыстық кодекске нормалар енгізуіміз қажет деп санаймыз. Егер жануарларға қатыгездікпен қарау фактілері тіркелсе, бұл өлімге, жарақат алуға әкеліп соқтырса, онда заңнаманы қатаңдатып, мұндай әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікті енгізу қажет», – деді Мырзағалиев. ​Ол соңғы кезде жануарларға қатыгездікпен қарау фактілері жиілеп бара жатқанын атап өтті. «Жақында ғана БАҚ-та жануарларға қатысты жаға ұстататын қарым-қатынастың жаңа фактілері туралы жарияланды. Шымкентте ер адам көшеде балалардың көзінше мысықты атып тастаған. Ал Нұр-Сұлтанда белгісіз біреулер мысықты шарбаққа іліп қойған. Астанада тағы бір кішкентай бала мысықты ең үстіңгі қабаттан баспалдақтың аралығына лақтырған. Мұндай қатыгездік бірінші рет болып отырған жоқ. Біз осы саладағы жағымсыз көріністердің барлық түріне нақты заңнамалық тосқауыл қоюымыз керек. Ендігәрі қайталамайтындай етіп, заңбұзушыларды қатаң жазалауымыз керек. Өздеріңіз білетіндей, бүгінде мұндай қылмыстар үшін тағайындалатын жаза жұмсақ, қатаңдауды қажет етеді», – деді министр. Министр жануарларға қатыгездік танытудың соңы адамдарға қатысты қаталдыққа, одан әрі ауыр қылмысқа да, психикалық ауытқуы бар адамдардың пайда болуына алып келуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы айтқандай, табиғат пен жан-жануарға ізгілікпен қарауды бала жастан бойға сіңіру қажет екенін атап өтті. Ал Inucobo жануарларды қорғау жөніндегі республикалық қауымдастық басшысы Лилия Сәрсенованың айтуынша, соңғы бірнеше жыл ішінде еліміздің бес өңірінде қаңғыбас жануарлар санының өсуі 21 %, хайуандарды аулау мен жоюға бөлінетін бюджет қаражаты 53 пайызға өскен. Сондай-ақ жаңа заң жобасына қатысты пікір білдірушілердің ішінде кинологтарды оқытуға арналған арнайы оқу орындарын құру, қалаларда иттерді серуендететін жер белгілеу сияқты ұсыныс білдіргендер де бар. Министрліктің мәліметінше, ілеспе заң жобасында 300-ге дейін норма енгізу жоспарланған.