Бағдат Қожахметов: Еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Бағдат Қожахметов: Еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды
ашық дереккөз

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов елімізде коронавирус инфекциясын жұқтыру өсімі тоқтатылғанын мәлім етті, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі. «Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетін толық көлемде орындап жатыр. Осылайша еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады. Бірақ жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен одан ары болып жатқан өлімдерді тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарға санитарлық ережелерді айттырмай, орындауға шақырамын», - дейді Б.Қожахметов. Ол сөз арасында КВИ бойынша статистикаға тоқталып өтті. «Ал енді ресми статистикаға келер болсақ, осы жылдың 13 наурызынан бастап Қазақстанда коронавирустық инфекциямен 99 442 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 72 523, яғни 72,9 пайыз. Стационарларда 4 713 адам ем қабылдап жатыр және 20 937 адам амбулаторлық жағдайда емделуде. Науқастардың арасында 246 адамның денсаулығы нашар және 69 науқастың жағдайы өте нашар. Жалпы 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр. Соңғы бір тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырды. Өкінішке қарай, 23 отандасымыз қайтыс болды», - дейді министрлік өкілі.